​Құқық бұзушы әлі анықталған жоқ.


Түпқараған ауданында орналасқан Қапам ата жартас мешітіне белгісіз біреулер пластик терезелер орнатқан. Нысанның келбетін өзгерткен тұлғаны іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Қапам ата жартас мешіті тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала тізіміне енгізілген. Ол Таушық ауылынан солтүстік-батысқа қарай 22 шақырым жерде орналасқан.

Мешіт – аймақтың XIX ғасырдағы сопылық және дәстүрлі діни тәжірибелерімен байланысты жер асты діни ғимараты. Объект жұмсақ тау жыныстарын қашап жасалған және ашық шөлді-далалы жердегі тік жартас бөлігінде орналасқан. Жартас қуыстарының бірі кірпішпен қаланып, оған пластик терезелер мен есік орнатылған. Вандализм фактісі 2025 жылдың желтоқсан айында анықталды.

Билік өкілдерінің хабарлауынша, тарихи-мәдени ескерткішке айтарлықтай шығын келтірілген. Анықталған құқық бұзушылық туралы Түпқараған ауданының әкімдігіне, сондай-ақ полиция бөліміне хаттар жолданды. Нысан бастапқы қалпына келтірілмеген. Оны ҚР Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес, бүлдірген тұлғаның есебінен қалпына келтіру көзделген. Алайда, бұл тұлға әлі анықталған жоқ, ал пластик есік пен терезелер өз орнында қалып отыр.