Өскемен қаласындағы "Казцинк" кәсіпорны жарылыс салдарынан көз жұмған қызметкерлерінің отбасыларына қандай қолдау көрсетілетінін жария етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.


Компания мәліметіне сүйенсек, қаза болған екі қызметкердің отбасына олардың 10 жылдық жалақысы көлемінде өтемақы төленеді.

– Олжас Рамазанов пен Ержан Қамалиевті жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға байланысты барлық шығынды кәсіпорын толықтай өз мойнына алады, – делінген ақпаратта.

Сонымен қатар, "Казцинк" марқұмдардың отбасыларына ұзақ мерзімді қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

– Кәсіпорын қаза болған қызметкерлердің балаларының жоғары оқу орындарында білім алу ақысын төлеп береді. Ем қабылдап жатқан жұмысшыларға да арнайы көмек қарастырылған. Олар қажетті медициналық көмекпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Емделіп шыққанға дейін олардың жалақысы толық көлемде сақталады, – делінген хабарламада.