Бұл мотокөлік жүргізушілері арасындағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.
Полицияның мотокөліктері қала көшелерінде ғана емес, сондай-ақ автокөлік жетуі қиын саяжай аумақтары мен тар көшелерде де қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, жазғы маусым басталғалы мотокөлік жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері жиілеген. Өкінішке қарай, мұндай заң бұзушылықтар кей жағдайда қайғылы оқиғаларға әкеліп соғуда. Соның бірі – Ағадыр кентінде екі мотокөліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы, салдарынан 2 адам қаза тапқан.
Осыған байланысты мотопатрульдердің жұмысы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды құралдардың біріне айналып отыр.
Тек соңғы демалыс күндері облыс аумағында мотокөлік жүргізушілері тарапынан 38 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелді. Оның ішінде 7 жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде демалыс күндері 30-ға жуық мотокөлік айыптұраққа қойылды.