Гонконгте өткен Қазақстан форумы өз жұмысын аяқтады. Іс-шараға Гонконг пен Қазақстаннан келген 200-ге жуық мемлекеттік қызметкер, банк саласының мамандары мен бизнес өкілдері қатысты.
Форумды Гонконг банктер қауымдастығы (HKAB) ұйымдастырды. Ұйым таратқан мәліметке сәйкес, жиын экономика, қаржы, энергетика және тұрақты даму салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылауға арналды.
«Гонконг пен Қазақстан арасындағы көпір: Орталық Азиядағы жаңа мүмкіндіктер» тақырыбымен өткен форумда бірқатар беделді спикерлер сөз сөйледі. Олардың қатарында «Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің басқарма мүшесі әрі өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Қақышев, Гонконг валюта басқармасы төрағасының орынбасары Артур Юэнь, Invest Hong Kong ұйымының инвестиция тарту жөніндегі бас директоры Альфа Лау және «Бір белдеу – бір жол» жобасы бойынша комиссар Николас Хо болды.
Форум аясында Орталық Азиядағы тұрақты қаржыландыру мен екі тарап арасындағы капитал нарығын дамыту мәселелері бойынша панельдік пікірталастар ұйымдастырылды. Бұл кездесулер қатысушыларға аймақтың қаржы жүйесі мен инфрақұрылымы жөнінде кеңірек мәлімет алуға мүмкіндік берді.
HKAB төрағасы әрі Bank of China (Hong Kong) банкінің вице-төрағасы және бас атқарушы директоры Сунь Юйдің айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық және сауда байланыстары жыл сайын нығайып келеді. 2025 жылдың алғашқы он айында екі ел арасындағы сауда көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8,9 пайызға өсіп, 39,8 миллиард АҚШ долларына жеткен.
Сунь Юй Гонконгтың «супер байланыстырушы» ретіндегі рөлін пайдалана отырып, Қазақстанмен экономикалық, сауда және қаржы салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете беретінін айтты.
Ұйым таратқан мәлімдемеде HKAB-тың сауда дәліздері жөніндегі бизнес комитеті алдағы уақытта да трансшекаралық сауда бағыттарынан туындайтын жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға қолдау көрсететіні атап өтілді.