Маусым ашылуының тағы бір ерекшелігі – Талғар асуынан түнгі сырғанаудың басталуы.
Алматыдағы Shymbulak тау курорты 6 желтоқсанда қысқы маусымды ресми түрде ашып, келушілерге ауқымды мерекелік бағдарлама ұсынады. Қонақтарды күні бойы музыка, ойын-сауық, интерактивті жобалар, ұтыс ойындары және Shymba Après Ski атты алғашқы күндізгі кеш күтеді.
Таңертеңнен бастап базалық станцияда DJ-сеттер, жүргізушілер және әртістердің жанды орындаулары шырқалады. Stradivari квартеті, би ансамбльдері сахнаға шығып, қонақтарға түрлі перформанстар, тақырыптық аймақтар мен фотозоналар ұсынылады. Отбасылық белсенді демалыс форматы да қарастырылған.
Мерекелік атмосфера курорттың бес негізгі локациясында өтеді:
8:30 – 17:00, Шымбұлақ базалық станциясы: концерт, конкурстар, DJ-сеттер. Бағдарламаның хэдлайнері – қазақстандық инди-музыкант dudeontheguitar (11:40–12:00).
9:00 – 15:00, Медеу базалық станциясы: Red Bull DJ-сеттері.
10:00 – 16:00, Талғар асуы: күн бойы музыкалық шоу және белсенді ойындар.
10:00 – 17:30, мұз айдыны: жаппай сырғанау, аниматорлар бағдарламасы, ұтыс ойындары, мәнерлеп сырғанаушылардың арнайы қойылымы (12:00–12:15).
12:00 – 16:30, Орта станция (Le Mont): алғашқы Shymba Après Ski — жаңа маусымның басты жаңалығы.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның туристік қызметтерінің экспорты 6 айда 18 пайызға өсті
Après-ski форматы — Еуропа тау курорттарына тән, шаңғы немесе сноубордтан кейінгі еркін қарым-қатынас пен көңілді атмосфераға құрылған ерекше мәдениет. Енді бұл дәстүр Shymbulak-та да жол тартпақ. Elevation және Vihod промо-командаларымен бірлескен атмосфералық кештер әр сенбі сайын өтеді. Қонақтарды музыка, 2850 метр биіктіктен ашылатын қала көріністері және белсенді демалыс сүйетін қауымдастық күтеді.
Алғашқы Après Ski кеші 6 желтоқсанда 12:00–17:00 аралығында өтеді.
Курорт өкілдері қала тұрғындары мен туристерді маусымның ашылуын бірге атап өтуге шақырады. Алда – бес айлық сырғанау, жарқын шаралар және тек тау бөктерінде сезілетін қысқы Алматының ерекше атмосферасы.
Маусым ашылуының тағы бір ерекшелігі – Талғар асуынан түнгі сырғанаудың басталуы. Көтергіштер 19:00–22:30 аралығында («Комби-2») жұмыс істейді.
Оқи отырыңыз: Шымбұлақта әр бейсенбіде тегін таңғы дискотека болады
Қазіргі уақытта Талғар, Жасыл Алаң, Ақ Аю және Ақбарсық трассалары ашық. Қалған беткейлерді дайындау жұмыстары жалғасуда.
Shymbulak баршаға ұмытылмас қысқы маусым сыйлауға дайын.