Алдағы екі жылда бастауыш сынып оқушыларының 20 пайызы шахмат ойынын меңгереді.

Қазірдің өзінде зияткерлік ойын 550 мектептің оқу бағдарламасына енгізіліп, 20 мыңнан аса жеткіншекті қамтыған. Жаңа оқу жылында көрсеткіш 60 мыңға жетеді деген жоспар бар. Бұл туралы елордада өткен шахмат федерациясының сьезінде айтылды.

Былтыр қазақстандық шахматшылар халықаралық жарыстарда 55 алтын, 54 күміс және 51 қола еншілеп, рекорд орнатты. Басты жетістіктерінің бірі олимпиаданың күміс жүлдесі болды. Қазақстан әйелдер құрамасы тарихта тұңғыш рет Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасында үздік үштікке енді. Бүгінгі жиында федерация мүшелері атқарылған жұмыстарды қорытындылап, келешекке жоспар құрды.

Тимур Турлов, Қазақстан шахмат федерациясының президенті:

- Біздің мақсатымыз – Қазақстанда орнықты және тұтас шахмат экожүйесін құру. Бұл әрбір бала тұратын жеріне немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан сапалы шахмат білімін ала алатын экожүйе болуы керек. Мұнда әрбір жаттықтырушы кәсіби өсу мүмкіндігіне ие болуы және әрбір мектепте оқушылардың дамуына қажетті стандарттар мен ресурстар болуы керек.

Елде былтырдан бастап шахмат мектеп бағдарламасына енгізіліп, 20 мың жеткіншек зияткерлік ойынға машықтанған. Алдағы оқу жылында тағы 60 мың баланы қамту жоспарда бар. Сондай-ақ 800-ге жуық педагог біліктілігін арттыру үшін арнайы курстан өткен.

Гүлмира Дәулетова, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:

- Алдағы 5 жылға жаңа жоспарлар қойып жатыр. Қазақстандағы мектептерді аккредитация, лицензированиядан өткізу. Сонымен қатар барлық шахматшыларды цифровой режимде енгізу сайтқа. Барлық қазақстандық шахматшылардың санын есептеу.

Съезд соңында бірқатар делегаттар еліміздің шахмат спортының дамуына қосқан үлесі үшін тиісті наградалармен марапатталды.

Әлішер Әли, Мұрат Әріпханов