Мәжілісте медицина мамандарын қорғауға бағытталған заң жобасы қаралып, жедел жәрдем қызметкерлеріне жасалатын зорлық-зомбылықтың шынайы көлемі ресми көрсеткіштерден бірнеше есе көп болуы мүмкін екені айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутат Асхат Аймағамбетов жедел жәрдемге күш көрсету – қарапайым тұрмыстық жанжал емес, тікелей адам өміріне қауіп төндіретін әрекет екенін атап өтті.
Аймағамбетовтың айтуынша, жедел жәрдем жүргізушісіне қол көтерген адам бір ғана қызметкерге емес, ол науқастарға да зиянын тигізеді.
«Мас бұзақы жедел жәрдем жүргізушісін ұрған кезде, ол оны ғана ұрып жатқан жоқ. Ол – көрші көшеде тынысы тоқтап жатқан, дене қызуы көтеріліп, сол жәрдемді күтіп жатқан кішкентай баланы ұрды. Ол – инсульт немесе инфаркт алған, енді сол жедел жәрдем жете алмайтын әжені ұрды. Бір бұзақының кесірінен жедел жәрдемнің бір бригадасы, көлігі істен шығып қалады. Сондықтан осы жәрдемнің науқастарға жету уақыты ұзарды. Ал инфаркт пен инсульт кезінде есеп сағатпен емес, минутпен өлшенетінін жақсы білеміз. Сондықтан бұл – өмір мен өлім мәселесі», деді ол.
Депутат соңғы бес жылда Денсаулық сақтау министрлігі 280 факті тіркегенін, бірақ бұл көрсеткіш нақты жағдайдың шағын бөлігі ғана болуы мүмкін екенін айтты. Оның пайымынша, бүгінде көптеген медицина қызметкері шағымданбайды.
«Өйткені оларды қорғайтынына сенім жоқ. Бұған қоса, дәрігерлер жұмыстың орнына тергеумен жүруге уақыт жоғалтқысы келмейді», деді Асхат Аймағамбетов.
Естеріңізге сала кетейік, Қостанайда кезек күтіп тұрған науқастың бірі орынсыз жанжал көтеріп, дәрігерге жұдырық жұмсайды. Оқыстан тиген соққының салдарынан хирург жансақтау бөліміне түскен.
Сонымен қатар Қарағандыда 12 маусым күні облыстық балалар ауруханасында 38 жастағы ер адам екі дәрігерге күш қолданған.