Бүгін Үкімет отырысында макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бағдарлама қаралды, деп хабарлайды 24KZ. Кешенді жоспар үш жылға жасалған. Құжатқа сәйкес ел экономикасын жыл сайын 5% өсіру көзделіп отыр.

Экономикалық белсенділігі төмен өңірлерге баса назар аударылмақ. Атаулы әлеуметтік қолдауды арттыру бойынша да тиісті шаралар қабылданады. Ал 2027-2029 жылдары ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қаралмақ. Алдағы екі жылда халықтың ңақты табысының өсімін жылына орта есеппен 2-3%-тен төмен болмауға тиіс.

Серік Жұманғарин, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Макроэкономикалық тепе-теңдікті арттыру үшін Үкімет пен Ұлттық банк ақша-кредит, салық- бюджет арасындағы өзара үйлестіруді жүзеге асырады. Бағдарламаны іске асырудың басты нәтижесі халықтың нақты табысының өсуі болуы тиіс. Жалпы бағдарламаны іске асыру экономиканың тұрақтылығын арттыруға қаржылық орнықтылықты нығайтуға және орта мерзімді перспективада тұрақты және сапалы өсу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Үш жылдық бағдарламада ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу саласында жыл сайын 100-ден аса жобаны іске қосу қарастырылған. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, 17 ірі жобаны әрі қарай жүзеге асыру жалғасын таппақ. Сонымен бірге квазимемлекеттік секторда ұйым құруға 2026 жылы мораторий жарияланады.