Жамбыл облысының ауылдарында бюджет есебінен 21 спорт нысаны салынып жатыр.
Демеушілер қаржысына бірнеше кешеннің құрылысы басталды. Жалпы алдағы 5 жылда өңірдегі барлық елдімекенде спорт ғимараты болады- дейді мамандар. Әйтпесе облыс бойынша 100-ден астам ауылда дербес орталық жоқ. Ауыл балалары мектептің спорт залы мен қосымша ғимараттарда жаттығып жүр.
Талас ауданындағы Бостандық ауылдық округінің құрамында Аққұм, Талапты елдімекендері бар. Округ бойынша 2 мыңға жуық халық бар. Бұған дейін ауыл балалары шағын ғимаратта жаттығатын. Бірақ нысан тар, жағдайы жасалмаған, әрі жуынатын орны болмағандықтан қиындық тудырды. Мәселе биыл шешілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 527 млн теңгеге спорттық сауықтыру кешені салынды. Аумағы 1 500 шарты метрден асатын ғимаратта волейбол, кіші футбол алаңы мен қазақша күрес үйірмесі жұмыс істейді.
Рәт Айқара, Бостандық ауылының тұрғыны:
- Ауылымызда үлкен қуаныш болып жатыр. Ауылымыз бұрында да спортпен айналысқан. Спорт мектебі бар. Бірақ залымыз өте тар болатын. Енді қыстың күні біршама қиындықтардың бәрін осы спорт кешені жоққа шығаратын шығар деген ойдамыз.
Биыл Жамбыл облысында 21 спорт кешені салынып жатыр. Оған бюджеттен 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бірі Шу қаласында бой көтерсе, қалғандары шалғай ауылдарда ашылады. Жалпы өңірде 2355 спорт нысаны бар, алайда 104 елдімекенде арнайы ғимарат жоқ. Олардың басым көпшілігінде халық саны аз болғандықтан ірі кешені салынбайды, — дейді жауаптылар. Десе де алдағы екі жылда шағын нысандарымен толық қамтуды жоспарлап отыр.
Ернұр Кәрібаев, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- 21 спорт нысанының әлі қажеттілігі бар. 2030 жылға дейін соғамыз деп жоспарлап отырмыз. Жоқ болса мысалға, соғуға болмайды деген елдімекендерде міндетті түрде футбол алаңшалары, стритворкауд, ойын алаңшаларын соғуға болады. Олар бойынша министрліктен тапсырма келген. 2 жылдың ішінде толық аяқтау керек. Ол жоспар министрлікпен бекітілген ауылдық елдімекендерге ұсынылған. Енді келесі жылдан бастап, 2 жылдың ішінде барлық елдімекендерде спорт алаңшалары міндетті түрде болады деп отырмыз.
Премьер-министр Олжас Бектенов аймақ басшыларына спорт нысандары құрылысына бюджеттен тыс қаржы көздерін тартуды тапсырды. Осыған орай облыста былтыр 4 кешен демеушілер есебінен салынды. Биыл да 3 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оған қоса демеушілер 160 млн теңгеге «Тараз-Арена» спорт сарайының футбол алаңын жаңартты. Соның есебінен халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 70,8 пайызға өсті. Ал жүйелі түрде спортпен айналысатын адамдар саны 511 мыңға жеткен.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә