Елімізде халық арасында сұранысқа ие дәрі-дәрмектің бағасы 11% төмендеді. Ал жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған препараттар 20% арзандаған. Антибиотиктер мен қабынуға қарсы препараттар құнында да өзгеріс байқалады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов хабарлады.

Келер жылы жаңадан ашылып жатқан ауылдық медициналық ұйымдарда дәріханалар ашу жоспарланған. Баяндама жасаған ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов осылай деді. Оның айтуынша, қазір елде 10 мыңнан астам дәріхана жұмыс істейді. Оның 2700-і ауылдық жерлерде орналасқан. Шалғай елді мекендерде 11 жылжымалы дәріхана пункті қызмет көрсетеді. Вице-министр биыл дәрі-дәрмек бағасына талдау жүргізіліп, кей препараттардың құны қайта қаралғанын да атап өтті. Ал қазақстандықтарды ауырып, дәрі іздегенше денсаулығын күтуге шақырды.

Тимур Мұратов, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:

- Біз керісінше МӘМС аясында сатып алынатын дәрілердің бағаларын төмендетіп жатырмыз. Жаңа шыққан бұйрықтарымыз бойынша көптеген дәрінің бағасы 40% шамасында төмендеген болатын. Біз бұл жұмысты әрі қарай жалғастыруға мүдделіміз. Жалпы, дәрігер ретінде айтайын дегенім, ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол іздеу керек. Дәрілерді аз ішіп, денсаулығымызға қарап, дұрыс тамақтанып, уақытында денемізді физикалық тұрғыда шынықтырып жүргеніміз дұрыс қой.

Бұдан бөлек, ведомство биыл 1700-ден астам дәрілік заттар мен медициналық бұйымға сараптама жасап, 43 дәрінің нормаға сай еместігін анықтаған. Бұл өнім нарықтан алынып тасталды. Сондай-ақ баспасөз брифингінде ведомство өкілдері таңбалау жүйесі бойынша «Нақты өнім» қосымшасы қолданысқа енгізілгенін атап өтті. Сол қосымша арқылы кез келген дәріханадан сатып алған дәріні арнайы QR-кодпен тексеруге болады. Онда дәрінің заңды жолмен келгені көрсетіледі. Препараттардың шекті бағасына қатысты да ақпаратты осы қосымшадан көруге болады.

Бауыржан Жүсіпов, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:

- Ол қосымша дәрі-дәрмектің контрафакт емес екендігін, заңды жолмен келгенін көрсетеді. Екіншіден, сол қосымшада дәрі-дәрмектің шекті бағасы көрсетіледі. Шекті бағадан жоғары болса, сіз өтініш бере аласыз. Біздің департамент тиісті шаралары қабылдайды.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов халық тарапынан келіп түсетін арыз-шағымдарға жедел жауап беруді тапсырды. Үкімет басшысы әрбір азамат үшін қолжетімді ету міндеті тұрғанын басып айтты. Денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект енгізу мәселесі де назардан тыс қалмады. Олжас Бектенов жауапты министрліктерге осы міндетті тапсырды. Ал үйлестіру мен бақылау Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Арман Ақшабаев