Жетісу облысындағы Сарқан қаласының тұрғындары ауызсуды тұндырып ішіп отыр. Себебі өзен лайланғанда орталық жүйедегі су сарғайып кетеді екен.

Тілеухан Данышпан Сарқанда тұрса да тіршілік нәрін көрші ауылдан тасып ішеді. Себебі құбырмен келетін судың сапасына күмәнмен қарайды. Тазалығына сенімді болу үшін сүзгі де сатып алған.

Тілеухан Данышпанұлы, Сарқан қаласының тұрғыны:

- Менің ақшамның көптігінен алып отырғаным жоқ, денсаулық үшін алып отырмын. Бірін алдым, алты ай істеп бұзылып қалды. Одан кейін біреуін жөндеуге бердім, екіншісін алып шығып отырмын. Бір емес екеу құрттым.

Шәйза Мұхаметқазықызы Сарқан қаласының тұрғыны:

- Қиярды да, компотты да тасып әкеліп жаптым. Су лай ғой. Банкіге құйып қойсаңыз тіпті лай болады. Майдан әрі қарай ішуге келмейді. Сол кезде лай болады.

Сарқан қаласының 19 мыңға жуық тұрғынына тіршілік нәрі өзеннен алынып, мыңжарым текше метрлік мынандай резервуар арқылы жеткізіледі. Алайда халықтың қажеттілігі артқан кезде және жауын шашынды күндері жүйенің мүмкіндігі жетпей, су толықтай тұндырылмайды. Құбырдағы ауызсудың лайлануы да сондықтан. Мәселені шешу үшін саладағылар үш бірдей су тұндыру орнын қалпына келтіріп жатыр.

Тоқсаныншы жылдардан бері қолданылмаған жабдықтарды жаңартуға 252 млн теңге бөлінген. Былтыр басталған құрылыс ай соңына дейін аяқталуы тиіс.

Әсет Қанапиянов, Сарқан аудандық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясының басшысы:

- Жаңадан жаңғыртып жатқан үш қойманың сыйымдылығы ең біріншісі — 750 куб, екіншісі – 1000, үшіншісі — 1500 куб. Бұл қоймалар арқылы халыққа қажетті суды беріп үлгереміз деген толық сеніміміз бар. Құбырларын да ауыстырдық. Диаметрі бес жүздік, төрт жүздік. Бұл қазіргі таңдағы қолданыстағы құбырдан кем емес. Бүгінгі күні ең максималды су тұтыну жазда 45 мың куб сол қажетті суды су тұндыру қоймалары қамтамассыз етеміз деп отырмыз.

Жетісу облысында ескірген жүйелерді жаңартуға бағытталған осындай 18 жоба жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар төрт ауылда құбыр тарту жұмыстары қолға алынған. Сала жауаптылары жыл соңына дейін аймақтағы таза су тұтынатын елді мекендер санын 329-ға жеткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев