Олар қысқа кәсіптік оқыту курстарында білім алған. Нәтижесінде табыссыз жүрген жандардың мәселесі шешіліп қана қоймай, еңбек нарығына өңірде тапшы мамандар қосылды. Мәдина Тұңғатарова торт пен тәтті бәліш-тоқаштардың түр-түрін дайындай біледі. Бойжеткен шағынан әуес боп келе жатқан сүйікті ісі. Балалы болғаннан кейін хоббиін мамандық етуді ойлап, қысқа мерзімді курсқа жазылған. Қазір кәсіби кондитер атанды.

Мәдина Тұңғатарова, қала тұрғыны:

- Көптеген мамандықтарды оқып үйрендім негізі өзім басында. 3-4 дипломым бар. Өзімді әлі іздеп жүрдім. Бірақ қазір кондитер мамандығы маған қазір ұнап жүр. Кондитер мамандығын таңдағаныма ешқандай өкінбеймін.

Кондитер орталығына білікті маман қажет-ақ. Себебі танымал өндіріс орнының өнімдеріне сұраныс жоғары. Мұны ескерген кәсіпкер шеберлерді өзі үйретуді жөн көрген. Сондықтан оқу орталығын ұйымдастырып, мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыссыздарға тәлім бере бастады.

Арайлым Көлеңкеева, кәсіпкер:

- 2025 жылы мен өзіме кондитер керек деп ұсыныс жасадым. келісімшартқа отырдым өзіме кондитерлер керек деп. Және екі айлық қысқа курсқа маған қыз-келіншектер келді. Сол қыздарды мен өздерінің мамандығы бойынша дайындадым.

Ибрагим Кенжатов мектепті тәмәмдаған соң дәнекерлеуші мамандығына оқуға түскен. Алайда бұл кәсіп көңілімнен шықпады дейді. Құрылыс алаңында жүріп инженер-сантехниктің қызметімен танысып, кейін қысқа мерзімді курста бұл істің қыр-сырын үйреніп алды.

Ибрагим Кенжатов, қала тұрғыны:

- Технологиялар өзгерді. Кезіндегі сияқты май-май болып жүрмейсің. Тап таза аккуратно бәрі. Заманауи құралдар бар. Май болмайсың. материалдары бөлек.

Биыл Ақтөбеде қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына 540 адам жолдама алды. Олардың 340 жаңа мамандықты игеріп, жұмысқа орналасқан. Негізінен нарықта сұранысқа ие тігінші, кондитер, аспаз, сантехник, шаштараз-стилист, тракторшы-машинисттер бар.

Венера Урумбаева, облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры:

- Бұл бағдарламаның мақсаты жұмыссыз адамдарды жаңа мамандық алып еңбек нарығында мүмкіндік беру. Оқу тегін. Әр жұмыссыз адам оқи алады. Оқу мерзімі бір айдан алты айға дейін. Оқу кезінде қосымша шәкіртақы төленеді.

Жұмыспен қамту орталығы өкілдері бұл бағдарламаға сұраныс жоғары дейді. Кәсіп таппай жүргендерді айтпағанда жаңа мамандықты игеруге ниет ететіндер де аз емес. Сондықтан қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына алдын ала өтінім беру қажет.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов