Аралас жекпе-жекте жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақ файтері Шавкат Рахмоновтың (19-0) бас бапкері Эдуард Базров алдағы жоспарлары туралы айтып, жанкүйерлерді алаңдатқан сұрақтардың жауабын берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Рахмоновтың жарақаты сыр бергені және оның спортпен қоштасатыны туралы сыбыс тараған болатын.
«Шавкаттың жарақатының асқынып кеткені туралы ақпарат – жалған. Тіпті, оның UFC-ге оралмайтыны туралы да сыбыс тараған. Біздің команда бұл туралы бейхабар. Біз қазір жаттығу жасап, октагонға оралуға дайындалып жатырмыз. Мұндай әңгімелерді кімнің не мақсатта таратынын түсінбеймін», — деді Базров Betonmobile тілшісіне берген сұхбатында.
Оның сөзінше, Шавкат Рахмонов UFC октагонына келер жылдың басында оралады. Оған кімнің қарсылас атанары әзірге белгісіз.
Соңғы рет қазақ файтері 2024 жылдың желтоқсанында төбелескен болатын. Ол кезде NOMAD ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген.