Биыл Ақмола облысында 18 млн түп ағаш егіледі.

Осылайша 3 мың гектарға жуық алқап көгалдандырылады. Қазір аймақта көшет егу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Мәселен, жыл басынан бері ақмолалықтар 16 млн түп егіп үлгірген.

«Бұқпа» орман шаруашылығында ағаш егу науқаны аяқталуға жақын. Орманшылар қолайлы ауа райын барынша пайдаланып қалуға тырысып жатыр. Биыл олар 180 гектар алқапты жасыл желекке айналдыруды көздейді.

Ғалымбек Батталов, орман шаруашылығының директоры:

- Планымыз бар 180 гектар. Бұл Президенттің жолдамасы. Қазір қалған 15 гектарды бір-екі күнде бітіреміз.

Игі іске студенттер де белсене атсалысып жатыр. Олардың дені болашақ орманшы мен экологтар. Яғни студенттер теориялық білімдерін, осылай практикалық тұрғыда шыңдайды.

Аяулым Дарханбек, студент:

- Мен болашақта практикалық тәжірибем арқылы жұмыс жасаймын деп ойлаймын. Өйткені маған осы жердегі жұмысшылардың айтқан ақылы сабақ болды. Орман отырғызу әр адамның міндеті және парызы деп білемін. Себебі табиғатты аялау әр адамның борышы.

Ашық алқапқа егілетін жас талдар ерекше күтімді қажет етеді. Жауаптыларлардың сөзінше, егілген өскіндердің 80 пайызы жетіліп кетеді. . Тіпті орманшылар қурап қалған ағаштардың орнын жаңа көшеттермен толықтырып отырады. Ал өскіндер жергілікті тұқымбақта өсіріледі.

Абзал Құсайынов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім бастығы:

- Ағаш көшеттерін тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатында тұқымбақтарды кеңейту жұмыстары қолға алынады. Қазір аймақта 21 тұқымбақ жұмыс істейді. Оның 9-ы жыл бойы көшет өсіреді.

Бұдан бөлек қазір өңірде тағы екі тұқымбақ салынып жатыр. Қос нысанда жылына миллиондаған көшет дайындалады.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко