Бас прокурор Берік Асылов X желісінде (бұрынғы Twitter — еск.) елге қайтарылған активтер туралы жазба жариялады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі .

Асыловтың айтуынша, қысқа уақыт ішінде прокуратура органдары ауқымды жұмыс атқарған.

"Бұған дейін мұндай көлемдегі қаражат осындай қысқа уақытта бұрын-соңды қайтарылған емес. "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заңды іске асыру аясында олигополия субъектілерінен 1,3 трлн теңгеден астам қаражат өндірілді, оның шамамен 850 млрд теңгесі мемлекет кірісіне түсті. Қайтарылған қаражат есебінен жалпы сомасы 375 млрд теңгеге 207 су құбыры нысанының, 177 медициналық мекеменің, 14 білім беру және спорт нысанының құрылысы басталды", — деді ол.

Олигополия субъектілерімен келісімдер жасалып, олар елге 5,2 трлн теңге инвестиция салу жөнінде міндеттемелер қабылдады. Бұл қаражатқа Алматыда жаңа туристік кешен, көлік-логистикалық орталықтар мен өңірлерде зауыттар салынбақ.

"Мысалы, тау-кен байыту комбинаты салынып, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады, табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу артады. Бұл өз кезегінде елдің экспорттық әлеуетін нығайтып, салық түсімдерін көбейтеді", – деп жазды Бас прокурор.

Бұған қоса, жалпы сомасы 122 миллиард теңгеге 16 мектеп пен балабақша, 8 дәрігерлік амбулатория мен аурухана, 13 спорт кешені және 16 мәдени-демалыс нысаны салынатын болады. Бұл 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Асыловтың айтуынша, аталған жобалардың жүзеге асуына қадағалау органы қатаң бақылау жасайды.

Сондай-ақ, бас прокурор Заңсыз активтерді қайтару комитетінің Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне трансформацияланатынын айтты. Оның басты мақсаты – елге қаржы тартуды ынталандыратын жүйе қалыптастыру және әрбір инвестор үшін түсінікті әрі болжамды инвестициялық климат қамтамасыз ету.

"Жалпы бұл бағытта жүйелі жұмыс жүріп жатыр – халықаралық құқықтық байланыстар кеңейтіліп, цифрлық құралдар жетілдіріліп жатыр. Жақында мен Сингапурмен құқықтық келісімдерге қол қойдым, сондай-ақ әлемнің ірі қаржы орталықтарымен жаңа жобалар қарастырылып жатыр. Қазірдің өзінде инвестицияларды қорғау прокуратура жұмысының негізгі бағытына айналды. Бүгінде прокурорлар жалпы құны 87 триллион теңге болатын 1,5 мыңнан аса инвестжобаны сүйемелдеп отыр", – деді Берік Асылов.

Генпрокурордың пікірінше, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті экономиканы нақты ақшамен, соның ішінде инвестициялар түрінде толықтыру үдерісін жеделдетуге және бизнесті сенімді қолдауға көмектеседі.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget