Айбынды армия – тәуелсіз елдің айбары. Сол себепті Отан қорғаушы әр азаматтың кәсіби шеберлігінің жоғары болғаны маңызды. Әр салада еңбектеніп жүрген отан қорғаушыларды қайта даярлықтан өткізу үшін елімізде кең көлемде әскери міндеттілердің жиындары өтіп келеді. «Спасск» оқу жаттығу полигонында 1 500-ге жуық әскери міндетті азамат жауынгерлік шеберлігін қайта пысықтады.

Қарағанды гарнизо­нын­дағы «Спасск» полигонында запас­та­ғы әскери міндеттілерге арналған оқу-әдістемелік жиындар ұйым­дас­тырылды. Әскери маңызды жиынға артил­лериялық, мото­жауынгерлік, танк, зениттік, жөндеу, тылдық бөлімдер мен бай­­ланыс саласының мамандары – сер­жанттар шақырылды. Сондай-ақ запас­тағы офицерлер әскери басқару бағыты бойынша қайта даярлықтан өтіп жатыр.

– Оқу-әдістемелік жиын­дардың негізгі мақсаты – мо­би­лизациялық дайындықты арт­тыру және әскери міндетті азамат­тар­дың тәжірибелік дағ­дыларын жетіл­ді­ру. Олар қару­мен жұмыс істеу, атыс жүргізу дағдыларын пысықтап, қазіргі за­манғы ұрыс жүргізу тактикасын меңгеріп жатыр. Әсіресе бөлімшелер құрамындағы өзара әрекеттестікке, тактикалық ме­дицина мен инженерлік да­йындық мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр, – дейді «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы пол­ковник Махсут Гусейнов. Қолбасшы жиындарға 40 жасқа дейінгі әскери міндеттілер қатысып жатқанын да атап өтті.

Жиынға қатысушылар дала шатырларында тұрады. Үш мезгіл тамақпен, әскери киім-кешек­пен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар олар­дың жұмыс орындары мен лауазым­дары сақ­талады, орташа жалақысы төленеді. Ал жұмыссыз азамат­тарға мемлекет есебінен ең төменгі жалақы мөлшерінде ақы беріледі.

Астанадан шақырылған қатар­­­дағы жауынгерлердің бірі Бекболат Атанов әскери міндеттілердің жиынына алғаш рет қатысып отыр екен. Аталған жиынға өз еркімен келіп, жауап­кершілік жүгін сезіне алған ол осындай іс-шаралардың берер пайдасы мол екенін айтады.

– Уақыт бір орында тұрмайды, жаңа техника мен әскери ұрыс-тәсілдердің жаңа түрлері енгізіліп жатыр. Бұл сабақтар бізге бұрын алған білімімізді еске түсіруге, дағ­ды­ларымызды жетілдіруге және жаңаларын меңгеруге мүм­кіндік беріп отыр. Әсіресе бізбен тәжірибесін бөлісіп жатқан бөлімше командирлерінің кәсіби біліктілігін ерекше атап өткім келеді, – дейді Б.Атанов.

Ахметхан Кенжебеков «Қазақ­стан ғарыш сапары» ұлттық компа­ния­­сында» қызмет етеді. 2018 жылы 40 күндік әскери міндетін Көкше­тау қала­сында әскери техникалық мектеп­те өтеген. Әскери жиынға қатысуға өзі ынта білдіріпті.

– Жиынның жоғары деңгейде ұйым­дас­­тырылғаны байқалып тұр. Әскери міндет жүктелген адам­дар осындай жиынға қатыса отырып, өздерінің білік­ті­лігін көтерері анық. Алғаш осында келгенде теориялық сабақтан өттік. Қазір тактикалық жаттығуларды орындаудамыз. Менің мұндағы әскери міндетім – 122-мм гаубица Д-30 әскери техникасын снарядпен оқтау. Өз міндетімді ойдағыдай атқарудамын. Отба­­сын, Отанын қорғау – әр азамат­­тың мойнындағы әуелгі міндет. Әскери полигонға бейбіт күн­­дерде ғана жиналайық, – дейді ол.

Әскери міндеттілердің бір бөлігі Т-72 танк экипаждарының, яғни танк командирі, меха­ник-жүргізуші және көздеуші-

опе­­ра­торы мамандық­тары бо­йынша білім­­­дерін шың­дады. Сондай-ақ олар әскери мін­­­дет­­тілер бағ­дарламасының жауын­­гер­лік жос­парына сай Т-72 танк қару жара­ғынан взводтардың жауынгер­лік атыс­тарын орындады. Іс-тәжірибе сабақтары қа­уіпсіздік шаралары қатаң сақ­тала отырып, тиісті деңгейде жүр­гізілді.

ЗУ-23-2 зениттік қондырғысы төмен биік­тікті әуе нысаналарымен – әуе шабуы­лының заманауи құралдарымен күрес жүргізуге, соның ішінде ұшақ­тар­мен, тік­ұшақтармен, қанатты зымырандармен және қашықтықтан басқарылатын, ұшатын аппараттармен ұрыс жүргізуге қолайлы. Өздігінен жүретін зениттік қон­дырғы ЗСУ-23-4 – зениттік артиллерияның ұрыс машинасы жалпы көздеу механизмдері мен атысты басқару аспаптары бар бір немесе бірнеше авто­матты зеңбіректен тұрады. Өздігінен жүретін зениттік қондырғы көбіне кіші биіктіктегі әуе нысаналарын жоюға арналған. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшесінің зенитші-атқыштары жат­­тығу кезінде дәл осы ЗУ-23-2 қон­­дырғыларынан шартты қар­­­сыластың әуе нысаналарын іздеу және оны зақымдау, жою бойынша жауынгерлік атыс мін­­­деттерін жоспарға сай орын­даған.

Әскери техникалар радиоло­кациялық жүйе, есептеу құрал­дары және сезгіштігі жоғары аспап­тармен жабдықталған. Бұл құ­рылымдар мен аспаптар 20 шақырымға дейінгі қашық­­тықтағы әуе нысаналарын табуға, зеңбіректердің автоматты көздеуін орындап, төрт шақырымға дейінгі биіктіктегі нысаналар бойынша ауа райының кез келген жағ­дайларында, бір орнында және жүріп келе жатып пәрменді атыс­ты жүргізуге мүмкіндік береді дейді әскери сала мамандары.

Оқу-әдістемелік жиындар қорытын­дысында жауынгерлік атыспен так­тикалық сабақтар өткізіледі. Бұл сабақтар запастағы офицерлер мен сержанттардың дайын­дық деңгейін нақтылауға, бөлім­ше­лер­дің үйлесімділігін тексеруге мүмкіндік береді.

Қысқасы, әскери оқу-жаттығу барысында жиынға қатысуға ниет білдірген әскери міндеттемелері бар азаматтар осы техникалардың сырын ұғып, білімін жетілдіріп, шыңдалып қайтты. Сап түзеген сарбаздар үшін бұл жиын – тек әскери дайындық қана емес, Отан­ға деген сүйіспеншіліктің зоры.

Қарағанды облысы