Бейжіңде Қазақстан мен Қытай қор нарықтары арасында алғаш рет екі жақты листинг жасалды.

Биржаға Алматы облысындағы вольфрам өндіретін кәсіпорынның акциялары шығарылды. Тарихи оқиға көрші елде өткен Астана халықаралық қаржы орталығының іскерлік іс-шарасы кезінде болды.

Қазақстандық компания акциялары Гонконг пен Астана халықаралық қор биржаларында бір мезетте саудаланды. Мұндай листинг Қазақстанда ғана емес Орталық Азияда бұрын-соңды болмаған. Нәтижесінде 150 млн АҚШ доллар инвестиция тартылды.

Жарас Мұсабеков, Астана халықаралық қор биржасының қаржы директоры:

- Бұғыты дегеніміз вольфрам өндіретін компания. Біздің биржа Астана халықаралық биржасында және Гонконг биржасында листинг жасап, инвестиция тартты. Бұл инвестицияның бәрі Қазақстанға келеді. Алматы облысындағы вольфрам өндіретін зауытты салу үшін, оны үлкейту, нығайту үшін қолданылады.

Биржаға шығарылған акцияларды Қазақстан азаматтары да сатып ала алады. Ал қытайлықтар Гонконг қор нарығы арқылы инвестициялайды. Алғашқы сатылымға шығару рәсімі тікелей эфирде трансляцияланды. Мамандар мұны Қазақстан мен Қытай арасындағы қаржылық серіктестіктің жаңа кезеңі деп атады.

Төрелік сотының судьясы:

- Астана халықаралық қаржы орталығы қытайлық инвесторлар үшін ең тартымды алаң болып саналады. Көптеген қытайлық компаниялар Қазақстандағы қызметін біздің орталық арқылы тіркейді. Өйткені ол тиімді, әрі қауіпсіз. Ал халықаралық төрелік соты шетелдік инвесторларға ел аумағында қабылданған шешім заңды, әділ болатынына кепілдік береді.

Іс-шараға ірі компаниялар, банктер мен 100-ден астам бизнес өкілдері қатысты. Оларға еліміздің инвестициялық әлеуеті мен екі ел арасында сәтті жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды.

Жарас Мұсабеков, Астана халықаралық қор биржасының қаржы директоры:

- Қазақстанға инвестиция жасауға қызығушылық білдіріп тұр. Осындай іс- шаралардың арқасында адамдар бір-бірімен танысып, өзіміз туралы айтып беріп,Қазақстан туралы, өзіміздің инфрқұрылым туралы айтып беру өте маңызды деп есептейміз.

AIFC connect бұған дейін Шэньчжэнь, Гонконг қалаларында ұйымдастырылды. Енді «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында тұрақты түрде жүзеге асырылады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын