Абай облысында 25 мың мектеп оқушысы робототехникамен айналысады, деп хабарлайды 24kz.

Талапты жеткіншектер халықаралық сайыстарға қатысып, Индонезия, Сингапур, Қытайда өткен байқауларда жүлделі болды. Қазір кезекті турнирге дайындақ үстінде.

Ботакөз Дандыбаева, тілші:

- Арыстан Жұмағазы Семейдегі №51 мектепте оқиды. Былтырдан бастап олардың сыныбында робототехника пәні өтеді. Жеткіншектің бұл салаға деген қызығушылығы ерекше. 3-4 күнде алғашқы роботын жинап шыққан талапты шәкірт облыстық Robotek чемпионатында жеңімпаз атанды. Одан кейін халықаралық байқауға аттанды.

Арыстан Жұмағазы, 7-сынып оқушысы:

- Мен робототехникамен 6-сыныптан әуестене бастадым. Содан бері облыстық және халықаралық турнирге қатысып үлгердім. Оған дайын робот апару керек болды, мен «Роботек» категориясы бойынша сайысқа түстім. Менің роботым кубтарды жинап, басқа жерге жеткізе алады. Былайша айтқанда, тасымалдаушы робот.

Абай облысының мектептерінде робототехника пәні 2018 жылдан бастап оқытылады. Алғашында балаларға Legoның шағын конструкторлары сатып алынған еді. Енді олар халықаралық талаптарға сай алуан түрлі құрылғылармен қамтамасыз етілді.

Айдар Мердемғалиев, информатика пәнінің мұғалімі:

- Бізде лего, мейнстрим, лего прайм, ардуина сияқты роботтардың бөлшектерімен жұмыс жасаймыз. «Аспан» деген үйірмеде балалар квадрокоптер ұшырып үйреніп жатыр. Жаңа өздеріңіз көріп тұрғандай, қара адамға ұқсас андроид робот бар. Бұл роботты балалар келешекте өздеріне көмек болатындай зауытта, жан-жақта жұмыс істесе, көмек жасайтын мақсатта басқарады.

Бүгінде робототехника құрылғылары аймақтың барлық мектептерінде бар. Үлкен оқу мекемелерінде олардың саны 20-ға дейін жетеді. Ал шағын білім ұялары бір контейнер техникамен қамтамасыз етілді.

Альфия Нигматуллина, облыстық инновациялық-әдістемелік орталық директорының орынбасары:

- Балалардың шеберлік деңгейіне қарай әртүрлі құрылғылар бар. Олардың саны жылдан жылға көбейіп келеді. Қуанарлығы, олар өзіміздің елімізде шығарылады. Жеткіншектеріміздің білімін жетілдіруге осындай жағдай жасалып отырғанын мақтаныш тұтамыз.

Биыл Абай облысының ауыл мектептерінде 108 арнайы жабдықталған кабинет ашылады. Олардың 28-і робототехника мен STEM бағытына арналған.

Авторлары: Ботакөз Дандыбаева, Медет Омірханов