Нью-Йорктегі Біріккен ұлттар ұйымының бас штабында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс отырысы халықаралық қауымдастық назарын аударды. Дохадағы әуе соққысы тек аймақ емес, бүкіл әлемнің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық туғызды. Катардың бейбітшілік жолындағы рөлі ерекше аталып, елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау басты мәселе ретінде көтерілді. Бұл жиынның ерекшелігі – Вашингтонның ұстанымы болып отыр.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің барлық мүшесі Дохаға жасалған әуе соққыларын бірауыздан айыптады. Бұл мәлімдемені Израильдің басты одақтасы
АҚШ та қолдағанмен, құжат мәтінінде кінәлі тараптың аты аталмады. Яғни, әскери соққының жасалуы қате де, жасаушысы айыпты болмай шықты. Тель-Авив өкілі де алған бетінен қайтпай, Хамастықтардың түбіне жетпей тынбайтынын кеңес алдында жайып салды.
Дэнни Данон, Израильдің БҰҰ-дағы елшісі:
- Дохада жасалған жарылыстың дүрсілі міне осы залға да анық жетіп отыр. Оның зор даусы лаңкестерге пана жоқ дегенді білдіреді. Газа да, Тегеран да, Доха да пана болмайды. Террористер үшін еш қорған жоқ. Алайда осы кеңестің ішінде де Хамасты қорғауға ұмтылғандар бар. Израиль ондайға жол бермейді. Біз террор жетекшілерін кез келген жерден тауып, көзін жоюға дайынбыз.
Бұл мәлімдеме кезінде қабағын шытқан қауымның қарасы қалың болды. Алжир, Пәкістан, Франция мен Ұлыбританияның қолдауымен өткен жиынға сол Қатардың премьер министрі де қатысты. Өз сөзінде Израильді қатаң айыптап, бітімгерлік бағыттағы жұмысты зая қылды деп сынады.
Шейх Мұхаммед Бен Абдулрахман Әл-Тани, Қатар премьер-министрі:
- Біз дау-жанжалды бейбіт жолмен шешуге әрекет еттік. АҚШ пен Мысырмен бірлескен күшіміздің арқасында Хамастың қол астындағы 148 тұтқын босатылып, Газаға гуманитарлық көмек жеткізілді. Бұл — үміттің сәулесі еді. Бірақ дәл келіссөздер жүріп жатқан кезде біздің аумаққа жасалған соққы Израильдің шынайы ниетін көрсетті. Олар бейбітшілікке жол бермей, палестиналықтардың азабын арттыруды көздейді. Бұл қадам БҰҰ-ға деген сенімді де әлсіретеді. Десе де, Катар әмір басшылығымен қан төгісті тоқтатуға бағытталған гуманитарлық әрі дипломатиялық қызметін әрі қарай да жалғастырады.
Кеңестің өзге мүшелері де бірауыздан Израильді қатаң айыптап, өңір елдерін сабырға шақырды. Есте қаларлығы — Вашингтонның Тель-Авивке жақтаспай, мәселеге әділ баға бере алуы болып отыр. Ақ үй қожайыны да әлеуметтік желісіндегі жазбада Дохаға жасалған соққыға АҚШ-тың еш қатысы жоқ екенін, шешім шығаруға еш үлес қоспағанын айтып, ағынан жарылған еді.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Енді Біріккен ұлттар ұйымының бас ассамблеясы келе жатыр. Израильдің титығына тиетін Палестинаның тәуелсіздігі одан ары кеңінен мойындалып, Тель-Авивтің ұпайы тағы да азайғалы тұр.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фаң