Қостанайда кең ауқымды «Кітап оқитын ұлт» мәдени-ағартушылық жобасы таныстырылды.

Оның бастамасы қоғамда оқуды дәріптеуге және зияткерлік мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың III отырысында жарияланған тұжырымдамасы аясында іске асырылуда.

Жобаның басты мақсаты — Қазақстанды әлемдегі ең көп оқитын он елдің қатарына қосу. Оның әр бағыты бойынша сарапшылар 15 кітаптың тізімін жасады. Тізімге «Қазақстан әдебиетінің 100 танымал кітабы» жалпыұлттық дауыс беру негізінде таңдалған туындылар, сондай-ақ әлемге кең таралып, көп оқылатын шығармалар енді.

Данагүл Сүйіндікова, Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл жобада әртүрлі категориялар қатысады.Білім сапасын көтеру үшін біз балаларымызға, оқушыларымызға ең бірінші кітап оқудан бастаймыз. Өйткені кітап оқу құзырлығы бұл деген білім сапсының кепілі деп айтуға болады.

Жоба аясында алты бағыт бойынша байқау басталады. Қатысушылар кітап оқиды, шығармашылық тапсырмаларды орындайды және зияткерлік байқауларға қатысады. Биыл жоба Қостанай облысының 40 мыңнан астам тұрғынын қамтуды жоспарлап отыр. Жеңімпаздарды миллион теңгеге дейін ақшалай сыйлықтар күтіп тұр.

Надежда Сражатова, Қостанай қаласындағы № 31 мектеп директорының орынбасары:

- Жобаның мақсаты әрбір оқушы, студент, жастар, ата-аналар өз ойларын жазбаша және ауызша сауатты түрде баяндай алуы үшін оқуға қызығушылық тудыру. Әрбір оқушы 6-дан 10-сыныпқа дейін комиссия бекіткен 15 кітапты оқуы тиіс екенін түсінеміз.

Аян Сакошев, «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының атқарушы директоры:

- Қатысушылар бір-бірімен кітап оқып жарысатын болады. Ең ұздік боп танылғандарға біздің арнайы қаржылық жүлделеріміз бар. 1 орынға — миллион, 2 орын — 600 мың, 3 орын — 400 мың теңге. Байқаудың жалпы жүлде қоры 40 млн. теңгені құрайды.

Байқау осы жылдың қыркүйек айынан бастап 2026 жылдың сәуір айына дейін өтеді. Ұйымдастырушылар мектеп оқушыларын, студенттерді, педагогтарды, мемлекеттік қызметкерлерді және отбасыларды зияткерлік қозғалыстың бір бөлігі болуға және кітап әлемінің тереңіне бойлауға шақырады.

Серік-Ибраһим Жамалұлы, 24KZ