Президент Жолдауы аясында шетелдік инвесторларға «жасыл дәліз» қағидасымен жеңілдіктер қарастырылғанның арқасында ірі жобалар өз нәтижесін бере бастады. Соның дәлелі – Қызылорда облысындағы Орталық Азиядағы ең ірі шыны зауыты мен томпонажды цемент өндіретін қос кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып, экспортты арттырды.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Әйнек өндіретін шикізат 1600 градус пеште балқытылып, одан мынадай дайын шыны табақшалары шығады. Барлығы автоматтандырылған. Мұнда күніне 500 тонна дайын өнім нарыққа жөнелтіледі.
Бұл – еліміздегі ірі инвестициялық жобалардың бірі. Кәсіпорынның іске қосылуына қытайлық инвестор 42 млрд теңге қаржы құйған. Ең бастысы шикізаттың барлығы өңірден алынады. Қазір мұнда 360 адам тұрақты еңбек етуде. Зауытта сұранысқа сай шынының бірнеше түрі өндіріледі.
Ван Доашэн, «Orda Glass LTD» ЖШС атқарушы директоры:
Биыл зауыт ішінен құны 6,7 млрд теңгені құрайтын тағы бір жаңа өндірісті іске қостық. Яғни энергия үнемдейтін әйнек шығаруды қолға алдық. Жалпы кәсіпорын бүгінде толық қуатында жұмыс істеп тұр. Біздің шыны табақшаларымыз Қазақстанның ішкі нарығы мен ТМД елдеріне экспортталып жатыр.
Аймақта жүзеге асқан жобаның бірі – «Гежуба» цемент зауыты. Қазақ-қытай әріптестік негізінде құрылған кәсіпорын жылына 1 млн тоннадан астам цемент шығарып, жоспарды межеден асыра орындап келеді. Құрылыс материалына нарықта сұраныс артып, көршілес елдермен қатар биыл Ауғанстанға өнім экспорттады.
Табиғат Әбеков, бас маман:
Зауытта үлескер компанияларды қосқанда 600-ден астам жұмыс күші бар. Ал Гежубаның құрамында 250-ден аса адам жұмыс істейді. 97 пайызы жергілікті Шиелінің жігіттері.
Бүгінде Сыр өңірінде қытайлық инвесторлармен тығыз байланыс орнаған, сауда-саттық көлемі 60 пайыздан асқан.
Жанар Берденова, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:
2024 жылдың қорытындысымен біздің өңір мен Қытай елінің арасындағы сауда айналымы 489 млн долларды құрады. Оның ішінде экспорт көлемі 445 млн. Биылғы жылы Қытай тарапымен бірлескен 10 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Құны 37,4 млрд теңгені құрайды.
Облыс экономикасына серпін беретін 10 жобаның бірі кірпіш зауыты биыл іске қосылды. Қытайдың озық технологиясымен салынған кәсіпорында жылына 90 миллион дана күйдірілген кірпіш шығарылады.
Әділбек Серікұлы