«Селтик» клубының футболшылары Шотландияда өткен матчта «Қайрат» ойыншыларын аздап менсінбеген сыңайлы. Енді бұл жолы қарсыластар жеңіс үшін барын салады. Ал қазақстандық клуб өз алаңында оған жол бермеуге және тарихи нәтиже тіркеуге тырысады. Клубтың бас бапкері Рафаэль Уразбахтин матч алдында өткен баспасөз мәслихатында осындай пікір білдірді. Сондай-ақ «Селтиктың» бұған дейін Қазақстанға бірнеше рет келіп, жеңіске жете алмағаны алдағы кездесу үшін әсері болмайтын айтты. Бұдан бөлек, сары қағаз алып, ойыннан шеттетілгендер туралы да сөз болды. Уразбахтин бұл басқа да футболшылар үшін үлкен мүмкіндік деді. Олар да клубты алға сүйреу үшін бар күшін салатынын жеткізді. Ал жарақат алған негізгі қақпашы Александр Заруцкийдің жағдайы қалыпты. Бұлшық етін ауыртып алған ол маусым бойы емес, тек бір айдай алаңға шықпайды. Жалпы келгенде бас бапкер қарсыластың деңгейін жоғары бағалады.

Рафаэль Уразбахтин, «Қайрат» ФК бас бапкері:

«Селтик» — деңгейі жоғары, үздік команданың бірі. Бұл — құпия емес. Бұл командадағы бір футболшы біздің бүкіл команданың құнымен тең тұрады. Сондықтан олардың әрбір ойыншысы осал емес. Жылдам әрі қауіпті шабуылдаушылары бар, әр позицияда білікті футболшылар ойнайды. Біреуді бөліп айта алмаймын. Барлығына мұқият қараймыз.

«Селтиктің» бас бапкері Брендан Роджерс болса, ешқандай менсінбеушілік болмады деп түсіндірді. Керісінше, «Қайраттың» чемпиондар лигасына шығуға деген талпысынына құрметпен қараймыз деді. Сондай-ақ команданың Алматыға бейімделуі, матчқа дайындығы туралы пікір білдірді.

Брендан Роджерс, «Селтик» ФК бас бапкері:

Бұл сылтау болмауы керек. «Қайрат» та өткен аптада ұзақ жол жүрді. Иә, екі жақта ауа райының айырмашылығы бар. Алматыда күн өте ыстық. Бірақ екі команда үшін де бірдей жағдай жасалған. Біз бүгін кешке алаңды сынап көреміз әрі жеңіл жаттығу болады. Ертең ойын болады. Алайда Шотландиядағы жанкүйерлерімізді қуантуға барынша тырысамыз.

Асылбек Данияр