Үкімет ішкі нарықты қорғауға және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған реттеуші шараларды әзірледі. 2025 жылдың мамыр айында тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі жасалады онда өндірушілер туралы нақты деректер жинақталып, оларға мемлекеттік қолдау шараларына, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қол жеткізу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сауданы ынталандыру және дүкен сөрелеріндегі отандық тауарлар үлесін арттыру мақсатында отандық өндірушілер өнімдері үшін кемінде 50% сөрелік кеңістікті көздейтін бағдарлама іске қосылды.

Сонымен қатар сапасыз әрі қауіпті өнімдердің ішкі нарыққа енуіне шектеу қою бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Барлық бақылаушы органдардың қатысуымен Ахуалдық штаб тиімді жұмыс атқарып жатыр. 47 мыңнан астам көлік тексерілді, тауарлық салмақта бұл 600 мың тоннадан астам мал шаруашылығы өнімдері. Оның ішінде 900-ден астам автокөлік кері қайтарылды, 1 мыңнан астам сәйкестікті растау құжаттарының күші жойылды», деп атап өтті сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.