Aitu ұлттық мессенджері мен Kcell ұялы байланыс операторы стратегиялық келісім жасады.

Екі тарап цифрлық өнімдерді бірлесіп әзірлеуге ниетті. Aitu – қазақстандық IT нарығының жетістігі. Ұлттық SuperApp қолданбасы мессенджердің, медиаплатформаның, қаржылық қызметтердің және шағын қосымшалардың функцияларын біріктіреді. Қазірдің өзінде Aitu қосымшасы 6 миллион рет жүктелді. Ай сайынғы пайдаланушылар саны 500 мыңға жуық. Бір қосымшамен-ақ фильм көреді, музыка тыңдайды, хабарлама алмасады, жаңалықтар оқиды және тағы басқа мүмкіндіктерді пайдаланады. Еске сала кетейік, 15 қыркүйекке дейін мемлекеттік қызметкерлер ұлттық мессенджер Aitu-ға көшіріледі. Бұл әсіресе жеке деректерді қамтитын ақпарат алмасу кезінде қауіпсіздікті күшейту үшін маңызды қадам.

Нұртай Әбілғалиев, BTS digital ЖШС бас директоры:

- Aitu — цифрлық платформа. Компаниялар арасындағы серіктестік дәл осы бағыттағы еліміздің цифрлық экономикасын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Мұнда заманауи қызметтер тек технологиялық тұрғыдан жетілдірілумен шектелмейді. Сонымен қатар пайдаланушылардың қажеттілігіне қарай барынша бейімделген. Яғни қарым-қатынасқа, жұмыс істеуге, оқуға және демалуға ыңғайлы құрал. Бұл ретте деректерді қорғауға ерекше назар аударылады.