Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республи­касына ресми сапары «Ата бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне зиярат етуден бас­талды. Мұнда Отанына әр кезеңде қалтқысыз қызмет еткен қырғыз халқының даңқты перзенттері, сталиндік репрессия құрбандары жерленген. Кешенге «Ата бейіт» атауын жазушы Шыңғыс Айтматов ұсынған. Мемлекет басшысы мемориалдық кешен аумағындағы 1916 жылғы үркіншілік құрбандарына арнал­ған ескерткішке гүл шоғын қой­ды. Бұдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз халқы­ның кемеңгер жазушысы Шыңғыс Айтматовтың бейітіне арнайы барып, қаламгердің рухына Құран бағыштады.

Ынтымақтастық арқауы

Содан соң «Ынтымақ Ордо» резиденциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мәртебелі мейманды Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров қарсы алып, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, Президенттер сап түзеген сарбаздардың алдынан жүріп өтті. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары ресми делегация мүшелерін таныстырып, келіссөз залына барды.

Қазақстан Президенті бауырлас Қырғыз Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтты.

– Бұл сапар екі ел арасындағы достық қатынастың дамуына тың серпін береді деп сенемін. Шын мәнінде, қазақ пен қырғыз – тілектес, бауырлас елдер. Біздің тарихымыз – тамырлас, салт-дәстүріміз бен таным-түсінігіміз, ұлттық болмысымыз ұқсас. Қос халықтың татулығы мен өзара құрметі ешқашан үзілген емес. Қазір де ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамуда. Біз барлық деңгейде өзара құрметке негізделген саяси диалог орнаттық. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық кеңестеріміз табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ өңіраралық байланыстарды дамытып жатырмыз. Жалпы, екі елдің арасында жан-жақты әрі тығыз ынтымақтастық орнаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

п

Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентінің екіжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосқанына назар аударды.

– Мен мұны жоғары бағалаймын. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Қырғызстанда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Сіз халықтың әл-ауқатын жақсар­туды көздейтін маңызды бастамалар­ды жүзеге асырып келесіз. Ел эко­но­мика­сының жыл басынан бері 11,7 па­йыз­ға өсуі – осының айқын дәлелі. Біз бауыр­лас елдің барлық жетістігіне қуан­амыз. Қырғызстанмен арадағы ынтымақ­тастықты барынша нығайтуға айрықша мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Садыр Жапаров шақыруын қабыл алып, Қырғызстанға ресми сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын жеткізді.

– Сізді Қырғызстанда көрнекті мемлекет қайраткері және халықаралық дең­гейдегі тәжірибелі дипломат ретін­де біледі. Кейінгі жылдары Сіздің қол­дауы­ңызбен екі елдің қарым-қатынасы жаңа деңгейге өтіп, достығымыз бен бауырластығымыздың бекемделе түсуі бізді қуантады. Қазақ елі – біз үшін ерекше ел. Біздің мәмілелеріміз Тоқтоғұл мен Абайдай, Шыңғыс пен Мұхтардай аталарымыз салған ізбен жалғасқан. Тарихи мұрамызды ұмытпай, келешек буынға жеткізуді негізгі мақсатымыз деп есептеймін. Өз тарапымнан өзара қарым-қатынасымызды одан әрі ілгері­летуге дайынмын. Біздің негізгі күшіміз – екі елдің ынтымағы мен бірлігі, – деді Қырғызстан Президенті.

Бұдан бөлек, келіссөз барысында тараптар саяси, көлік-транзит, су, аграрлық және цифрландыру сала­ларындағы ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады. Мәдени-гума­нитарлық байланыстарды өрістету­ге ерекше мән берілді. Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібі қарастырылды.

Ендігі меже – тауар айналымын 3 млрд долларға ұлғайту

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың төрағалығымен Қазақ­стан мен Қырғызстан Жоғары мемлекет­аралық кеңесінің жетінші отырысы өтті.

Мемлекет басшысы бауырлас қырғыз еліне шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтып, бұл ресми сапары­ның мақсаты – қазақ-қырғыз байла­нысын нығайтып, өзара тиімді ынтымақ­тастықты күшейте түсу екенін жеткізді.

– Біз жоғары саяси диалогтің арқа­сында екі елдің ықпалдастығын жаңа сапа­лы деңгейге көтереміз. Мен бұған кәміл сенемін. Қасиетті Алатаудың қос қыра­ны сияқты қазақ пен қырғыз – ежелден ен­шісі бір, тағдыры ортақ ағайынды халық­тар. Қиын сәтте бір-біріне демеу, қуаныш­ты күнде тілеулес бола білген елдер. Тарихтың талай тезінен аман өткен досты­ғымыз – ата-бабадан қалған аманат, ұр­пақтан-ұрпаққа берілген рухани қазына. Қазір қос халықтың арасын­дағы қарым-қатынас өзара сенім мен сыйлас­тыққа негізделген берік әріптестікке ұласты. Екі елдің байланысы одақтастық рухында дамып келеді. Қырғызстан – Қазақстанның аймақтағы басты стратегиялық серіктесінің бірі. Екіжақты сауда-саттық көлемі шамамен 2 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Инвестициялық ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келеді. Соның арқасында түрлі бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылды. Су-энер­гетика саласында өзара үйлесімді жұ­мыс атқарылып жатыр. Мәдени-гума­ни­тарлық саладағы байланысымыз да кү­шейіп келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз Қырғызстанмен ықпалдастықты тереңдете түсуге айрықша көңіл бөледі.

– Былтыр Одақтастық қатынастар­ды кеңейту туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін Ынтымақтастық­тың кешенді жоспарын қабылдаймыз. Осы маңызды қадамдар қазақ-қырғыз бай­ланысын дамытуға тың серпін бе­реді деп сенемін. Екі елдің үкіметтері бұл жоспарда көрсетілген мақсат-міндет­­тер­ді басшылыққа алуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қырғызстан Президенті Қазақ­стан­мен достық, тату көршілік және бекем бауырластық рухындағы қарым-қатынасты жан-жақты нығайтуға бейіл екенін жеткізді.

– Қазақстан – біздің ең жақын көршіміз, Қырғызстанның сыртқы саясатында ерекше орын алатын бауырлас ел, негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің қолдауыңыздың арқасында мемлекеттеріміздің арасындағы стратегиялық ынтымақтастық пен одақтастық қатынастар нық дамып келе жатқанын айрықша атап өткім келеді. Біздің халықтарымыз ертеден достық пен келісімде өмір сүрді, бір-бірін қолдап отырды. Қалыптасқан татулығымыздың негізінде барлық мәселені бірлесе шеше аламыз деп сенемін. Өйткені қырғыз бен қазақ – егіз секілді ұқсас елдер. Ұлы Абай «Еш қазақ қырғыз бен қазақтың бір тұқымдас екеніне таласпайды» деген, – деді Садыр Жапаров.

Отырыс барысында сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, су-энергетикалық және мәдени-гума­нитарлық салалардағы ынты­мақ­тастық мәселелері қарас­тырылды.

Жиында Қырғыз Республикасы Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары – Су ресурстары, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі министрі Бақыт Торобаев, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қырғыз Респуб­ликасы Экономика және коммерция министрі Бақыт Сыдықов, Қырғыз Республикасы Көлік және коммуникация министрі Абсаттар Сыргабаев, Қырғыз Республикасы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директоры Абдикарим Алимбаев, Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Қырғыз Республикасы Энергетика министрі Таалайбек Ибраев, Қазақстан Республикасы Энер­гетика министрі Ерлан Ақкен­женов, Қазақстан Респуб­ликасы Су ресурстары және ирри­гация министрі Нұржан Нұр­жігітов, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Мирбек Мамбеталиев, Қазақстан Респуб­ликасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндама жасады.

Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қырғызстанның Ғылым, жоғары білім және инновация министрі Бақтияр Орозов Ош мемлекеттік университеті базасында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филиалы ашылғанын мәлімдеді.

Келіссөздер қорытындысында Қазақстан мен Қырғыз­стан мем­лекеттері басшыларының Бір­лес­кен мәлімдемесі қабылданды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесі жетінші отырысының шешімдеріне қол қойды.

Ресми делегация мүшелері екіжақты тауар айналымын 2030 жылға қарай 3 млрд долларға дейін ұлғайту бойынша Жол картасы және басқа да үкіметаралық, ведомствоаралық құжаттармен алмасты.

Садыр Жапаров – «Алтын Қыран» орденінің иегері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Респуб­ликасының Президенті Садыр Жапаров­ты «Алтын Қыран» ордені­мен марапаттады. Прези­дент марапаттау рәсімінде Садыр Жапаровты қырғыз халқын алға бастап келе жатқан нағыз көш­басшы, білікті саясаткер деп білетінін айтты.

п

– Қырғызстанды көркейту жолындағы қажырлы еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Салиқалы саясатыңыздың арқасында еліңіз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Қырғыз экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Өзіңіздің бастамаңызбен түрлі салада тың, ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Әлеуметтік салада, ғылым-білім жүйесінде ауқымды өзгеріс жасалуда. Мұның барлығы қырғыз елінің экономикасын нығайтып, халықаралық сах­надағы абырой-беделін арттыра түсері сөзсіз. Сіздің көреген қадам­дарыңыз аймақтағы бей­біт­шілік пен тұрақ­тылықты нығайтуға септігін тигізді. Пара­сатты басшылығыңызбен бауырлас қырғыз жұрты бұдан да биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақ­станда бір туған бауырлас ел ретінде Қырғызстанның барлық жетістіктеріне шын жүректен қуанатынын жеткізді.

– Қазақ пен қырғыз – ежелден еншісі бір, ағайынды халық­тар, салт-дәстүрі мен тарихы ортақ елдер. Біздің тіліміз бен діліміз, атымыз бен затымыз ұқсас. Бүгінде елдеріміз арасында өзара сенім мен сыйластыққа негіз­делген қарым-қатынас орнаған. Одақтастық рухындағы байланысымыз нығайып келеді. Қос мемлекеттің стратегиялық әріп­тестігі қарқынды дамып жатыр. Сіз бұл іске өлшеусіз үлес қосып жатырсыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-қырғыз ықпалдастығы жаңа қарқын алды. Стратегиялық әріп­тестікті тереңдетуге бағыт­талған тың бастамалар көтерілді. Мемлекеттеріміздің мүддесіне сай жаңа ортақ жобалар қолға алынды. Маңызды бастамалар қос халыққа тән шынайы бауырластықты көрсетіп, достығымызды одан әрі бекемдей түседі деп санаймын. Қазіргі алмағайып кезеңде осы ынтымағымызды күшейтудің айрықша мәні бар. Себебі біздің мызғымас бірлігіміз – баға жетпес байлығымыз. Қырғыздың залқар ақыны Тоқтағұл Сатылғановтың «Жақсы адамның белгісі – ел қамы үшін күйінер» деген сөзі бар. Сіз қырғыз елін өркендету жолында табанды еңбек етіп, халқыңызға адал қызмет етіп келесіз. Сондай-ақ халықтарымыз арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсуге орасан зор еңбек сіңіріп жатырсыз. Мұны барша қазақ жұрты жақсы біледі. Осыған орай, мен сізді Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттау туралы шешім қабыл­дадым. Бұл награда – Қазақ елінің сізге және бүкіл қырғыз халқына деген ерекше құрметі мен шынайы алғысының риясыз белгісі, – деді Президент.

Садыр Жапаров Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақ халқына алғыс айтып, мұны Қырғыз еліне көрсетілген сый-құрметтің белгісі ретінде қабыл алғанын жеткізді. Сондай-ақ бұл екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының жоғары деңгейін айқындайтынын атап өтіп, уақыттың барлық сынынан өткен ынтымақтастықтың алдағы кезеңде де нығая беретініне сенім білдірді.

Индустриялық сауда-логистика кешені іске қосылады

Келіссөздер қорытын­ды­­сын­да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Респуб­ликасының Пре­зи­денті Садыр Жапаров БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингін өткізіп, мәлімдеме жасады.

Президент, ең алдымен, Бішкекке ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа алғыс айтып, бауырлас қырғыз жеріне қадам басқан сайын айыр қалпақты ағайынның ыстық ықыласын сезінетінін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы барысында екіжақты қатынастарға қатысты бірқатар өзекті мәселе егжей-тегжей талқыланып, екі елдің де мүддесіне сай келетін маңызды келісімдерге қол жеткізілгенін мәлімдеді.

– Бауырлас мемлекеттер ретінде кез келген мәселені өзара сенім мен одақтастық рухында шешеміз деген пайымға келдік. Біздің өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге ниетіміз бар. Оған саяси күш-жігеріміз де жетеді деп кәміл сенемін. Бүгінгі келіссөздердің нәтижесі туралы жаңа ғана құрметті Президент айтып өтті. Біз, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазақстан – Қырғызстанның сауда және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,7 млрд долларға жетті. Биылғы жарты жылдың көрсеткіштері де жаман емес. Алдағы 5 жылда сауда-саттық көлемін 3 млрд долларға дейін арттыруға мүдделіміз. Сондықтан бүгін арнайы Жол картасына қол қойылды. Жалпы, екіжақты сау­да айналымын ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Келесі жылы қазақ-қырғыз шекарасында салынып жатқан Индустриялық сауда-логис­тика кешені іске қосылмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, екі елдің агроөнеркәсіптегі әлеуеті зор.

– Бұл саладағы тауар айналымы жалпы сауда-саттықтың 25 пайызына тең. Сондықтан өнім көлемін арттыру, бірлескен кәсіпорындар ашу өте маңызды. Осы орайда қос елдің үкіметтеріне алдағы екі жылға арналған Жол картасын қабылдау туралы тапсырма берілді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ инвесторлары қырғыз эконо­микасының маңызды секторларын дамытуға үлес қосып келе жатқанына назар аударды. Қазақстан кейінгі 20 жылда Қырғызстан экономикасына 1,4 млрд доллар инвестиция салған. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар бар.

– Біз бірлескен кәсіп­орын­дардың тиімді жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасай береміз деп келістік. Сондай-ақ қазақ-қырғыз шекарасының өткізу мүмкіндігін арттыруға баса мән бердік. Жүк тасымалы мәселесіне де ерекше назар аудардық. Кейінгі кезде осы бағытта бірқатар ауқымды іс-шара атқарылды. Қазір шекарадағы се­гіз өткізу бекетін жаңғырту жұмы­сы жүргізіліп жатыр. Бұл жұ­мыс ал­дағы екі жылда толық аяқта­ла­ды. Оны екі ел үкіметі ерекше ба­қы­­лауда ұстайды. Мұның бәрі өз­ара сауда көлемін арттыруға сеп­ті­гін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.

Тағы бір өзекті мәселе – аймақ­тардың ықпалдастығын жандандыру. Бұл ретте мемлекеттер басшылары Аймақаралық форум­ның келесі отырысын көп созбай өткізуге келіскен. Сонымен қатар келіссөздер барысында цифрландыру және электрондық үкімет саласындағы ынтымақтастық әлеуеті талқыланған. Тараптар экономика саласын цифрландыру үшін тәжірибе алмасуға және ақпараттық байланысты күшейтуге уағдаласты.

Мемлекет басшысы су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіру мәселесіне айрықша тоқталды.

– Трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану аймақтағы тұрақтылық пен орнықты дамудың маңызды факторына айналып отыр. Осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастырған жөн деп санаймыз. Біз барлық келісімді мүлтіксіз орындауға және стратегиялық маңызы бар бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін күш-жігерімізді жұмылдыруға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайтуға баса мән берілген.

– Кейінгі жылдары рухани байланысты жандандыру үшін көптеген іс-шара атқа­рыл­ды. Былтыр Астанада құрмет­ті Прези­дентпен бірге Айкөл Манас­тың ескерткішін аштық. Бүгін Бішкекте бауырластығымыздың тағы бір нышаны – «Достықтың алтын көпірі» ескерткішін ашамыз. Мен мұны қырғыз елінің қазақ халқына деген айрықша құрметі деп білемін. Құрметті Президентке және барша қырғыз халқына алғыс айтамын. Был­тыр Қырғызстан Президенті­нің Қазақстанға сапары аясында екі елдің жастарын жақындастыра түсетін бірқатар уағдаластық­қа қол жеткізген едік. Соның нәтижесінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті­нің Ош қаласындағы филиалы ашылды. Бұдан бөлек, Қазақстан Үкіметі қырғыз студенттеріне 50 грант бөліп отыр. Келесі жылдан бастап грант санын 60-қа дейін көбейтеміз деп шештік. Кешеден бері Бішкекте Қазақстанның кино күндері, Үшінші жастар форумы өтіп жатыр. Мұның бәрі халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байланысын нығайта түседі. Кездесу барысында туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамытуға көңіл бөлінді. Келесі жылы Қырғыз елінде 6-шы Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Дүбірлі доданың табысты өтуіне тілектеспіз, біздің жақтан қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттер сондай-ақ жаһандық және аймақтық мәсе­лелер туралы пікір алмасқан. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан­ның көптеген халықаралық түйт­кілге қатысты ұстанымы – ортақ. Әсіресе Орталық Азиядағы ықпалдастықты күшейту екі елдің мүддесіне сай келеді.

– Биыл аймақтағы мемлекеттер басшылары кезекті Консультативтік кездесуде бас қосып, осы мәселелерді талқы­лаймыз. Қазақстан мен Қыр­ғызстан Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да құрылымдар аясында табысты серіктестік орнат­қан. Бұл ретте Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттары бойынша өңір­лік орталығын құруға қолдау көрсет­кені үшін қырғыз тарапына алғыс айттық. Біз Қырғызстанның 2027–2028 жылдары Біріккен Ұлт­тар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесі­нің тұрақты емес мүшесі болуын толық қолдаймыз. Қырғыз елі­нің Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы төрағасы ретінде атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалаймыз. Қырғыз бауырлар да Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі аясындағы бастамаларын үнемі қолдап жүреді. Біз бұған ризашылығымызды білдіреміз. Жалпы, бұл сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсері анық. Бүгінгі келісімдер – соның айқын дәлелі. Енді, соларды тиімді жүзеге асыру маңызды. Қазақ тарапы бұл үшін қажетті әрекеттерді жасауға да­йын, – деп қорытындылады сөзін Мемлекет басшысы.

Президент Садыр Жапаров Бішкек төріндегі бүгінгі келіс­сөздердің қорытындысы нәтижелі болғанына назар аударды. Оның айтуынша, елдеріміздің арасында өзара сауда-cаттықтың жандануына, инвестиция тартуға және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайтуға оң септігін тигізетін қолайлы саяси ынтымақтастық қалыптасқан.

– Қырғыз-қазақ мемлекеттік шекарасындағы индустриялық сауда-логистикалық кешенінің құрылысы, Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау үшін көтерме сауда-тарату орталығын ашу, «Алматы – Ыстық­көл» автокөлік жолын салу секілді бірлескен жобаларға айрықша мән берілді. Біз сауда көлемін ұлғайту, өзара сауда-cаттықтағы тауарлар номенклатурасын кеңейту және бизнеске қолайлы жағдай жасау мәселелерін талқыладық, – деді Қырғыз елінің басшысы.

Қырғыз елінің қайраткерлері құрметке бөленді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерін марапаттады.

Мемлекет басшысының Жар­лы­ғымен Қазақстан мен Қырғыз­стан арасындағы достық және одақтас­тық қатынастарды дамыту­ға қосқан елеулі үлесі үшін Қырғыз Республикасы Министрлер каби­неті төрағасының орынбасары – Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Қырғыз Республикасының VII шақырылған Жогорку Кенешінің депутаты Дастанбек Жұмабеков, Қырғызстан Президентінің кеңес­шісі Арслан Койчиев, қоғам қай­раткері Аскар Салымбеков ІІ дә­ре­желі «Достық» орденімен марапатталды.

Президент Қырғыз Республи­ка­сы­ның көрнекті мемлекет қайрат­керлері қажырлы еңбек етіп, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосып жүргенін атап өтті.

– Соның арқасында саяси, эко­но­микалық, мәдени байла­ныс­тарымыз нығайып келеді. Парламентаралық ықпалдас­тығы­мыз да күшейе түсті. Осы орайлы сәтте мен Ұлттық қауіп­сіз­дік мемлекеттік комитеті­нің төр­ағасы Камчыбек Ташиевке шынайы риза­шы­лығымды білдіремін. Сіз қауіп­сіз­дік саласындағы екіжақты әріптес­тікті тереңдетуге зор үлес қосып жатыр­сыз, аймақтағы тұрақ­ты­лық­ты қамтамасыз ету жолында ат­қарған табанды еңбегіңіз жоға­ры бағаға лайық. Бүгінгі шара – жай ғана марапаттау рәсі­мі емес. Бұл – Қазақстанның Қырғыз халқына деген зор риза­шы­лы­ғы мен құрметінің белгісі. Сон­дықтан бұл күн мәңгі бауыр­лас­тық пен тату көршіліктің жар­қын үлгісі ретінде қазақ-қыр­ғыз қаты­насы­ның жылнамасына алтын әріп­пен жазылады деп ойлаймын. Сіздер Қырғызстанның көркеюіне, сон­дай-ақ екі ел ара­сындағы жан-жақ­ты қарым-қатынасты нығай­туғ­а мол үлес қоса бересіздер деп сене­мін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Достықтың алтын көпірі» ескерткіші ашылды

Мемлекеттер басшылары Бішкек қаласындағы Қазақстан мен Қырғызстан достығы аллея­сында орналасқан «Достықтың алтын көпірі» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Мону­мент қос халықтың ұлы қалам­гер­лері Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған. Қырғыз­стан­дағы қазақтар қауымдастығы баста­ма­шы болған бұл жоба екі ел бас­шылары тарапынан қолдау тапқан.

ап

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ескерткішті ашу рәсімінде бүгін қазақ пен қырғыз үшін ерекше күн екенін атап өтті.

– Мұны екі ел бауырласты­ғы­ның айқын көрінісі және қырғыз халқының қазақ жұртына деген айрықша құрметінің белгісі деп білеміз. Ең алдымен, осы игі бастамаға қолдау көрсеткен Президент Садыр Жапаровқа зор алғыс айтамын. Бүкіл Қырғыз еліне шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл жер тарихи шаһардағы рухани орталықтың біріне айналады деп сенемін. Былтыр Астанада Айкөл Манасқа ескерткіш қойылды. Мұндай бастамалар туысқан елдердің достығы мен ықпалдастығын нығайта түсері сөзсіз. Шын мәнінде, қазақ пен қырғызға бір-бірінен жақын жұрт жоқ. Біз – бір туған елміз. Қанымыз бен жанымыз – бір, тамырымыз бен тарихымыз – ортақ. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достығымыз әлдеқашан уақыт сынынан өткен. Барша әлем бауырластығымызға куә болып отыр. Біз баға жетпес байлығымыз – ырысты ынтымағымызды сақтай білуіміз керек, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің ұлы перзенттері татулығымыз туралы көптеген тағылымды сөз қалдырғанына тоқталды.

– Жыр алыбы Жамбылдың қос халық жайлы «Жүрегі – бір, жолы – бір, сыйласқан тату тең болды» деген сөзі бар. Ал әйгілі Тоқтоғұл «Қанатым – қазақ туысқан» деп толғаған. Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов та өзара тілектес халықтарымыздың жүрек сөзін шығармалары арқылы жеткізген. Мұхтар Әуезов қырғыздың эпикалық мұраларын жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан. «Манас» жырын терең зерттеген. Атақты дастанды кеңестік жүйенің қайшысынан аман алып қалған. Сондай-ақ Мұқаң – Айтматовтың ғаламат шығармашылық әлеуетін алғаш таныған қаламгердің бірі. Ал Шыңғыс Төреқұлұлы: «Өзге елдерге барғанда өзіммен бірге ала жүретін екі ұлттық құнды­лы­ғым бар. Ол – Манас пен Мұхтар Әуезов» деген. Бұл – рухани құнды­лықтарымыздың екі елге де ортақ екенін паш ететін айқын көрсет­кіш. Заңғар жазушының «Жәмилә», «Ақ кеме», «Ана-Жер-Ана», «Боранды бекет» шығар­ма­лары қазақ әдебиетінің де қазы­насына қосылған асыл мұралар деп күмәнсіз айтуға болады. Ұлы тұлғаларымыздың достығы мен өзара сыйластығы кейінгі буынға үлгі-өнеге екені сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мұндай сабақтастық сан түрлі салада жал­ға­сып келе жатқанын жеткізді.

– Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы», «Көксерек» туындыларын қырғыз режиссёрлері Болот­бек Шамшиев пен Толомуш Өкеев кино тілінде сөйлетті. Ал қазақ режиссёрі Ардақ Әмірқұлов «Қош бол, Гүлсарының» желісі­мен көркем фильм түсірген. Елдері­міздің арасындағы тығыз рухани байланысты мәңгі достық пен тату көршіліктің арқауы деуге болады. Оны бағалай білу және нығайта түсу – баршамызға ортақ парыз. Бұл – ұлы жазушыларға, сондай-ақ нағыз елдікке арналған бірегей ескерткіш, қазақ-қырғыз бауырластығының айқын белгісі. Бүкіл Қазақ елінің айыр қалпақты ағайынға ықыласы ерекше. Біз қырғыз ағайынның да дәл сондай риясыз пейілін үнемі сезініп жүреміз, – деді Президент.

Салтанатты іс-шараға Қазақ­стан мен Қырғызстанның ресми делега­ция мүшелері, сондай-ақ екі ел­дің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Майдангер жазушы атындағы білім ошағы

Мемлекет басшысы Бішкек қаласында Кемел Тоқаев атындағы №33 мектеп-гимназияға барды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров білім ошағын бірге аралап көрді.

Бұл ғимаратта Ұлы Отан соғы­сы жылдары Фрунзе жаяу әскер училищесі орналасқан. Қазақ­стан Президентінің әкесі – соғыс ардагері, жазушы Кемел Тоқаев дәл осы жерден майданға аттанған.

Білім ошағына К.Тоқаев есімін беру туралы бастаманы Президент Садыр Жапаров биыл мамыр айын­да көтерген еді.

Мемлекет басшысы білім ордасының ұстаздарымен және оқушыларымен әңгімелесті.

Осымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Рес­пуб­ликасына ресми сапары аяқтал­ды. Халықаралық Манас әуе­жайынан Мемлекет басшысын Қыр­ғызстан Президенті Садыр Жапаров құрметпен шығарып салды.