Қыс — қыр астында. Сондықтан елімізде жылыту маусымына дайындық қазір өңірлердегі барлық ЖЭО-да жөндеу жұмыстары жүріп жатыр . Биыл Жетісу облысында табиғи газ арқылы жылу және энегрия өндіретін станция іске қосылмақ, ал Қарағандыда жаңа жылу құбыры пайдалануға дайын.

Аймақта алғаш рет қолға алынған жоба қазандықтарға түсетін жүктемені 20 пайызға жеңілдетпек. Қазіргі алғашқы кезеңі аяқталуға жақын. Станция іске қосылғанда сағатына 84 мегават электр қуаты және 72 гегаколорий жылу өндіріледі. Сынақтан өткізген соң қазан айында жұмысын бастайды.

Станислав Долгалев, компания өкілі:

Екінші кезеңі жыл соңына қарай іске қосылады. Сол кезде 35 мегаватт электр энергиясы мен 25 гигакалория жылу өндіріледі. Ал үшінші кезеңді аяқтау келесі жылға жоспарланған.

Жалпы Жетісу облысында алдағы жылыту маусымына 14 млрд теңгеден аса қаражат бөлінген. Осы қаржы есебінен 16 шақырым құбыр ауыстырылып, қазандықтардағы 35 пеш жөнделді. Сонымен қатар мекемелерге қажет көмір, жанар-жағармай алынып жатыр. Сала мамандарының айтуынша, өңір қысқы маусымға әзір.

Аян Тілеубеков, «Басқуат» қазандығының басшысы:

«Басқуат» қазандығында төрт қазандық бар. Соның екеуінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, қалған екеуі жұмыс істеп тұр. Барлығы 1 қыркүйекке дейін толық іске қосылады.

Өңірде 50 шақырым құбыр жөнделді

Ал Қарағанды қаласында жаңа шағын аудандарды жылумен қамтамасыз ететін үшінші жылу құбыры салынды. 2023 жылы басталған құрылыс биыл толыққанды аяқталды. Жобаға 6 миллиардтан аса қаржы жұмсалды.

Мадияр Алтыбаев, «Қарағанды энергоцентр» ЖШС техникалық директоры:

Жобаның негізгі мақсаты – қалада пайда болған жаңа аудандарды сапалы жылумен қамтамасыз ету. Жылу электр орталығында 2,5 шақырым құбыр тартылып, жаңа конструкциялар мен фильтрлер орнатылды.

Өңірде 7 ЖЭО бар. Онда 47 қазандық пен 29 турбина қыс бойы дамылсыз жұмыс істейді. Қыс алдында қазір бәрі қайта жөнделіп жатыр. Алдағы уақытта Балқаш, Қарағанды, Теміртау қалаларында жаңа жылу қазандықтары іске қосылмақ. Онымен қоса жылу желілері жаңғыртылуда.

Ұлан Ермеков, облыстық Энергетика және түкш басқармасы басшысының орынбасары:

Бізде жыл сайын жылу желілерінің тозуын 2 пайызға төмендету көзделген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 40 пайызға дейін азайту жоспарланып отыр. Соның арқасында көптеген бағдарламалар жүзеге асуда.

Қарағанды облысында 1152 шақырым жылу желісі бар. Оның 60 пайызы тозған. Биыл өңірде 50 шақырым құбыр жөнделді.

Жандос Бақытұлы