Оңтүстік Кореяда әуе шабуылынан қорғануға арналған азаматтық қорғаныс жаттығулары өтті.
Сағат 14:00-де бүкіл ел бойынша дабыл қағылды. Сирена даусын естіген тұрғындар 15 минут ішінде жерасты паналау орындарына тығылып, көліктер жол жиегіне тоқтады.
Сеул әкімдігінің хабарлауынша, әуеден шабуыл жасалған жағдайда қорғанатын қалада шамамен 2 900 азаматтық паналау орны белгіленген. Олар — тұрғын үйлердің жертөлелері, метро станциялары, жерасты сауда орталықтары және басқа да нысандар. Паналау орындарын мобильді қосымшалар арқылы білуге болады. Сондай-ақ жедел жәрдем, өрт сөндіру және құтқару көліктерінің қозғалысын қамтамасыз ету бойынша да жаттығу өткізілді. Азаматтарға қолайсыздық тудырмас үшін жаттығу кезінде метро, теміржол, әуе, теңіз көліктері және медициналық мекемелер әдеттегідей жұмыс істеді. Оңтүстік Корея аумағына әуе шабуылын кім жасауы мүмкін екенін ұйымдастырушылар нақты атамады. Мұндай жаттығулар жыл сайын өткізіледі, сондықтан тұрғындар тарапынан дүрбелең болған жоқ. Бұдан бөлек, елдің жаңа президенті Ли Дже Мён Солтүстік Кореямен достық қатынастарды қайта орнатуға ниетті. Мемлекет басшысы шекарадағы жаттығуларды тоқтатуды және белгілі аймақтарда атысқа тыйым салуды көздейтін әскери келісімді қайта жандандыратынын мәлімдеді.
Ли Тэхён, Сеул қаласының тұрғыны:
- Солтүстік Корея тарапынан қауіп бар, бірақ біз оны аса маңызды деп сезінбейміз. Кейде әрине, алаңдаушылық болады, бірақ менің ойымша, біздің ел оны қауіпті деп қабылдамайды. Осындай жаттығулар керек шығар, егер мұндай жағдай шынымен болатын болса, біз дәл бүгінгідей әрекет ете аламыз ба?!