Атырау облысы Индер ауданында дауылдың кесірінен 8 әлеуметтік нысан мен тұрғын үйлерге зақым келді. Сондай-ақ ғимарат жанында тұрған 3 көлік бүлінген. Қазір бүлінген нысандар жөнделіп жатыр. Дауылдың салдарын жою үшін арнайы комиссия құрылды. Аудан орталығынан Есбол ауылына қатынайтын жолдағы 14 электр бағанасын «Атырау Жарық» мекемесі қайта орнатты. Облыс орталығы Атырау қаласында да дауыл соғып, қатты жел тұрғанымен бүлінген ғимарат жоқ. Дегенмен бір көліктің үстіне ағаш құлаған.
Жантөре Демешов, облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:
Қатты жел мен жауынның салдарынан ағаш сынып, құлаған. Көліктің ішінде адам қалып қойғаны жөнінде ақпарат келіп түсті. Хабарлама бойынша Атырау қаласындағы құтқару жасағының қызметкерлері барып, ағашты бензопиламен кесіп, ішіндегі адамды шығарды. Ол жерде жарақат алған немесе басқа жағдайлар тіркелген жоқ.
Нұрсұлтан Нұрсейіт