Қазақстан мен Өзбекстан гендерлік теңдікті дамытуда ынтымақтастықты арттыра түспек, деп хабарлайды 24kz.
Осыған орай Астанада әйелдердің қоғамдағы рөлін күшейтуге арналған халықаралық жиын өтті. Қос елдің саясаткерлері мен кәсіпкер әйелдері бас қосып, нәзік жандардың құқықтарын қорғау, экономика мен саясаттағы мүмкіндіктерін арттыру жолдарын талқылады. Шарада гендерлік теңдікті дамыту мәселелері де сөз болды.
Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:
- Өзбекстан Сенатының төрғасы Танзина Нарбаева алғысөзін достық ілтипатпен бастады. Қос елдің көшбасшы әйелдері бір алаңға жиналып, қоғам үшін маңызды мәселелердің басын қайырды. Нәзік жандарды зорлық-зомбылықтан қорғаудан бастап білім беру, экономика мен саясатта әйелдердің мүмкіндіктерін күшейтуге дейін қамтылды. Өзбек өкілі гендерлік саясаттағы өз тәжірибесімен бөлісті. Айта кету керек, Өзбекстан осы бағытта үлкен жұмыс атқарды. Ала шапанды ағайын әйелдердің саясатқа қатысу индексі бойынша ТМД елдері арасында 4-ші орында.
Танзила Нарбаева, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы:
- Біріншіден, соңғы 4 жылда президент Шавкат Мирзиёевтің қолдауымен біз әйелдердің мүддесіне қатысты 40 шақты заңды қабылдадық. Бұған қоса, бізде қаралатын әр құжат гендерлік экспертизадан өтуге міндетті. Егер гендерлік сараптама болмаса, ол құжат қабылданбайды. Екіншіден, бізде әйелдердің қоғамдық саяси өмірге қатысуы 40%-ке жуықтайды. Ол үшін үлкен жұмыс атқарылды. Біз ең белсенді әйелдерді жинап, мемлекеттік басқару академиясында арнайы бағдарламамен оқыттық. Сондай-ақ кәсіпкер әйелдерді қолдап, гранттар бөлеміз.
Қазақстан Парламенті де соңғы жылдары бұл бағытта орасан зор қарқынмен жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, былтыр әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң қабылданды. Бұдан бөлек, елде «Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия» жұмыс істейді. Нәзік жандарға арналған ипотекалық бағдарламалар мен арнайы оқу курстары ашылды. Бизнес қауымдастықтың да басым бөлігі әйелдер.
Жұлдызай Ысқақова, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының кеңесшісі:
- Қазақстанда кәсіпкер әйелдер үлесі 50%-ке жуықтайды. Бұл бизнес бағытында Орталық Азиядағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Дегенмен, әлеуметтік осал топтарда, кедейлердің қатарында да әйелдердің үлесі басым, Сондықтан біздің алдымызда нәзік жандардың дамуына жәрдемдесіп, жеңілдетілген несие мен гранттарды алуға жағдай жасау міндеті тұр. Заңдық құқықтық қолдау да жүргізіліп жатыр.
Жиынға Алматы мен Астана және Қазақстанның өзге өңірлерінен келген кәсіпкерлер қатысты. Олар өзара тәжірибе алмасып, тың идеяларымен бөлісті. Ал саяси элита көшбасшылары осы бағытта байланысты нығайтып, қоғамдағы әйел рөлін дамытумен қатар бірлескен жобалар жасауға уағдаласты.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Мадияр Қындыбаев