Елдің егемендігі мен тәуелсіздігіміздің беріктігі шекара күзететін сарбаздарға тікелей байланысты, деп хабарлайды 24kz.

Мәселен Оңтүстік шекарашылары жыл басынан бері 4 мыңнан астам заңбұзушылықты анықтады. Есірткі тасымалына қатысты 30 қылмыстың жолын кесті.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Иісшіл ит Клементинадан тыйым салынған тауарды жасыру мүмкін емес. Қырағылығымен ерекшеленген бельгиялық овчарка шекаралық бақылау бөлімшесін күзетуге көмектесіп, сенімді серік әрі үздік көмекшіге айналды.

Ит иесі Әнуар Таудың ғана бұйрығын бұлжытпай орындайды. Кинолог маман оны күшік кезінен баптап, арнайы машықтандырған. 3 жылдың ішінде оның көмегімен заңсыз есірткі айналымын әшкерелеп, бірнеше рет қылмыс ашылды.

Әнуар Тау, қызметтік иттердің аға нұсқаушысы:

- Бензин багына жасырылған 35 келі героин табылды. Клементина бірден оның иісін сезіп, белгі берді. Көлікті рентгенге түсіргенімізде тыйым салынған заттың барын анықтағанбыз. Бұдан бөлек, ішіне есірткі тыққан әйелді де қолға түсірдік. Осындай еңбектердің нәтижесінде Мемлекет басшысының Жарлығымен үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен наградталдым.

Әнуар Тау шекара қызметінде 24 жылдан бері табанды еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі нұсқаушы. Өмірлік жары Бибіжамалды да осында жүріп жолықтырған. Бүгінде олардың кәсіби қызметі мен спорттағы жетістігін үш баласы үлгі етіп өсіп келеді.

Бибіжамал Тау, «қапланбек» шекаралық бақылау бөлімінің бақылаушысы:

- Бала кезімнен шекарашы болып, форма киюге қызыққан болатынмын. Әке-шешем еңбекке баулып өсірді. Сол үшін маған ешқандай қиын болған жоқ. Қызмет барысында түрлі адамдар жолығады. Қандай адам келмесін, біз күліп күтіп алып, шығарып салу – біздің міндетіміз. Өйткені елдің абыройы бар.

Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек» бекеті тәулігіне 50 мыңға дейін адамды қабылдайды. Тағы 2 мыңнан астам көлік құралы жіті тексеріліп, шекарадан өткізіледі. Көрші бекеттер жөндеу жұмысына байланысты уақытша жабылған. Сондықтан жүктеме артып, күшейтілген жұмыс кестесі бекітілді.

Нұрзат Атабаев, «Қапланбек» шекаралық бақылау бөлімінің бастығы:

- Шекара басқармасының бастықтарымен бірлесіп, қосымша паспорттық бақылау орындарын көбейттік. Қазіргі таңда 18 паспорттық бақылау орны болуы керек болса, біз оны 70 орынға дейін жеткіздік. Автоматтандырылған паспорттық тексеру құрылғыларын қою мүмкіндігін қарастырып жатырмыз.

Биыл көші-қон заңнамасын бұзғандарға қатысты 4500 дерек тіркелді. Отыздан астам есірткі тасымалының жолы кесілді. Жалған және мерзімі өткен құжатпен жүргендер де кездеседі. Кәсіби мерекені жұмыста қарсы мамандар қашанда қызметіне адал.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы