Биыл Маңғыстауда медицина қызметкерлері үшін 50 пәтер сатып алынады, деп хабарлайды 24kz.
Жаңа баспаналар өзге облыстан шақыртылған мамандарға беріледі. Қазір олардың алды жергілікті емдеу мекемелеріне орналасып жатыр. Айта кетсек, аймақта 250 дәрігердің орны бос. Мәселені шешу мақсатында былтырдан бастап өңірде мемлекеттен берілетін көтермеақы мөлшері біршама ұлғайды.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Бақтияр Ізімбергеновтің мамандығы – анестезиолог-реаниматолог. Ақтөбе қаласының тумасы. Ол жуырда ашылған Мұнайлы аудандық ауруханасына зайыбымен бірге жұмысқа қабылданды. Жас мамандар келе сала күрделі операцияларды жасап, науқастардың алғысына бөленіп те үлгерді.
Бақтияр Ізімбергенов, анестезиолог-реаниматолог:
- Жолдасым акушер-гинеколог. Бізге аурухана тарапынан 100 АЕК ретінде үстемақы берілді. Одан бөлек, Маңғыстау облысының атынан 8,5 млн теңге берілді. Және де үй алуға бастапқы жарна ретінде жолдасым екеумізге 9,8 млн үстемақы қаражаты бөлінді. Бұйырса, сол үй қарап жатырмыз.
Офтальмолог-дәрігер Берік Жақсығалиев Батыс Қазақстан облысынан. Медицина университетті бітірген бойда «Дипломмен ауылға» жобасымен Маңғыстауға шақырту алған. Жалпы айтқанда, 200 мыңдай тұрғыны бар аудандық ауруханада әлі де бірқатар дәрігердің орны бос.
Берік Жақсығалиев, офтальмолог-дәрігер:
- Басқа өңірден келгендіктен сондай жобаларға іліктік. Әріптестеріме және де оқуды бітіріп жатқан жас мамандарға кеңесім: қорықпаңыздар, жайлы аймағыңыздан шығыңыздар. Өзіңізді шектеуден аулақ болыңыздар.
Жанар Досжанова, аудандық аурухана директоры:
- Алматы облысынан, Қаскелең ауданынан дәрігерлер келіп жатыр. Ақтөбе облысынан келіп отыр. Қазіргі таңда эндоскопист-дәрігеріне, акушер-гинеколог дәрігерлері, травмотолог-дәрігерлері қажет етіледі. Жергілікті бюджеттен 12 пәтер және қарастырылып отыр.
Бүгінде Маңғыстау өңірінде 250 дәрігер жетіспейді. Әсіресе, жалпы тәжірибелік дәрігер, педиатр, хирург, анестезиолог және гематологтарға сұраныс жоғары.
Бекболат Ізбасаров, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Мұнайлы ауданына келетін мамандар бойынша 8,5 млн қарастырылған. Сонымен қатар Ақтау қаласына 3 млн және де Жаңаөзен қаласына келетін мамандар үшін 5 млн теңге қарастырылған. Осы жылдың аяғына дейін біз 50 пәтерді сатып алуды жоспарлап отырмыз. Жеңілдетілген несие беру бойынша да келіссөздер жүріп жатыр.
Медицина саласындағы кадр тапшылығын жою мақсатында биыл облыс әкімі 160 грант бөлді. Соның ішінде 125 адам бакалавр, қалғаны интернатурада оқып жатыр. Сонымен қатар тағы 595 студент өз күшімен білім алуда.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев