Ертістің үстінен өтетін экстрадозды көпірдің құрылысы қарқынды.
Бұл нысан елдегі экстрадозды үлгідегі алғашқы көпір болмақ. Заманауи технологиямен салынып жатқан алып өткел келесі жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі. Мамандардың айтуынша, көпір өңірлік және халықаралық көлік ағынын жеңілдетіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық серпін береді.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Бұл Павлодардағы негізгі көлік өткелі. Осыдан алпыс жыл бұрын қолданысқа берілген. Апатты деп танылғанына қарамастан әлі күнге дейін қызмет етіп тұр. Ал менің артымда жаңа көпірдің құрылысы қарқын алған. Оны тарихи құрылыс деуге болады, өйткені Қазақстанда баламасы жоқ. Ал көпірдің құрылысына тек қана отандық мердігер компаниялар тартылған.
Жаңа көпір салу туралы шешім 2019 жылы қабылданды. Жобалау кезеңінде көпірдің алты түрлі нұсқасы қарастырылды. Таңдап алынған экстрадозды типтегі жобаның артықшылығы көп. Заманауи технологияның сәулеті де, құрылымы да ерекше.
Алексей Логвиненко, "Қазавтожол" ҰК АҚ ПОФ директорының орынбасары:
- Жаңа көпір су жолының екінші дәрежесіне сәйкес келеді. Ол кеме қатынасын дамытуға мүмкіндік береді. Бұрынғы көпірден бес метрге биік болады, су бетінен көпір өткелінің астыңғы жағына дейінгі габариті 15 метрді құрайды, ал кеме жүретін өткелдің ені 150 метр болады.
Жаңа көпір автомобиль жолының бірінші санатына сай салынады. Жол төрт жолақты болады. Бір жарым метрлік тротуар жолдары да қарастырылған. Құрылыс қарқынды — екі жүзден астам адам екі ауысымда еңбек етуде. Ауқымды инженерлік жоба шетелдіктерге емес, қазақстандық мамандарға сеніп тапсырылған. Олар Польша мен Германияда арнайы даярлықтан өтті.
Ержан Ғұбайдулин, учаске басшысы:
- Қазір негізінен өткел құрылымын тұрғызу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ең күрделі және ең көп еңбекті талап ететін кезең. Жалпы алғанда әр түрлі тіректерде жұмыс кезеңдері әртүрлі. Кейбір тіректерде біз аяқтау сатысына жақындадық.
Аслан оғлы Дурсун үшін бұл алғашқы көпір құрылысы емес — ол осы салада он жылдан астам уақыт еңбек етеді. Бірақ осындай ірі жобаға алғаш қатысуы.
Аслан оғлы Дурсун, құрылысшы:
- Бұл теңдессіз жоба. Осындай үлкен құрылысқа қатысу мен үшін үлкен құрмет. Кейін балаларым мен немерелеріме осы көпірдің құрылысына өз үлесімді қосқанымды мақтанышпен айтатын боламын.
Ұзындығы 691 метр болатын жаңа көпірді салуға 70 миллиард теңге жұмсалады. Құрылыс кестеге сай жүріп жатыр, 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков