Құрылысшылар күні қарсаңында Орал қаласында құрылыс материалдарының көрмесі өтті. Бұл күні құрылыс саласындағы жергілікті компаниялар өз өнімдерін халық назарына ұсынды, деп жазады Egemen.kz.

Осы көрмеге «ДСК Приоритет» компаниясы да өз өнімдерін қойған екен. Сағатына 235 тоннаға дейін жоғары сапалы асфальт-бетон өнімін шығаратын заманауи қос асфальт-бетон зауыты бар компанияны нәп-нәзік қазақ қызы басқаратынын білесіз бе? Ұйымның құзырында ELKOMIX 60 бетон зауыты, топырақ араластырғыш және битум-эмульсиялық қондырғысы және бар! Қазіргі таңда компанияда 300-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Олар барлық жағдайы жасалған жұмысшы қалашықтарында тұрады. «Біз заманауи стандарттарға сай қауіпсіз және ұйымдасқан еңбек ортасын құрамыз, сондай-ақ қызметкерлерді оқыту мен кәсіби дамуға ерекше мән береміз» дейді Жанна Кенжина.а

Жанна Тәжіғұлқызы қазыналы Қарашығанағымен әлемге әйгілі Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында туып-өскен. Ата-анасы да қарапайым жұмысшы болатын. Еңбек жолын теміржол стансасында пойыз диспетчері болып бастаған Жаннаны ес білгелі еңбекпен шыңдалған жан десе болады. Ол 2004 жылдан бері өз кәсібін дамытып, 2008 жылы «ДСК Приоритет» атты ЖШС құрды.

- Жұмысын жаңа бастаған мекеме сенімге ие болып, толыққанды тапсырыс алу үшін біраз уақыт керек. Біз де алғашқы кезде түрлі мекеме ауласындағы ішкі жолдарды жасап жүрдік. Кейін Самал шағынауданына барар жолды және Асан ауылы мен Жұлдыз шағынауданына дейінгі Тәуелсіздік көшесін төсеп шықтық. Білесіз бе, сол көшелер маған әлі күнге ыстық! Үлкен жауапкершілікпен, махаббатпен салғандықтан болар, бір қабат қана асфальт төселген сол көшелерге әлі ешқандай сызат түскен жоқ. 2011 жылы Орал қаласының көп бөлігін су басқанда қазылып қалған бөліктері болмаса, керемет сақталды, — дейді компания басшысы.

Содан бері қиындығы мол, сынағы көп жиырма жылға жуық уақыт өтіпті. «ДСК Приоритет» Батыс Қазақстан облысында жол салатын ірі компаниялардың біріне айналды. Бүгінге дейін компания жалпы ұзындығы 1000 шақырымнан астам республикалық, облыстық және ауылдық маңызы бар автокөлік жолдарын күрделі жөндеп, салып шыққан. Өңірдегі инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға, сондай-ақ республикалық, облыстық және қалаішілік маңызы бар автокөлік жолдарын салу және жөндеу жұмыстарына белсене қатысатын компания кәсіби біліктілігінің арқасында жол құрылысы саласында тұрақты әрі жауапты мердігер ретінде танылды.в

Жанна Тәжіғұлқызының компаниясы жолдар мен автомагистралдерді салып қана қоймай, жол-құрылыс материалдарын өндіретінін жоғарыда айттық. Одан бөлек, жол құрылысы саласында зертханалық сынақтар жүргізу, арнайы жол-құрылыс техникасымен қамтамасыз ету секілді қызметтерді де қоса алып жүрген үлкен ұжымның транспорт паркінде қазір жол құрылысы жұмыстарына арналған 100-ден астам арнайы техника бар екен. Олардың қатарына асфальт төсегіштер, фрезерлік машиналар, жол таптағыштар, автогрейдерлер, самосвалдар, тиегіштер, экскаваторлар, бульдозерлер және басқа да техникалар кіреді. Ұйым өндірістік қажеттіліктерге сәйкес техникалық паркті жыл сайын жаңартып, толықтырып отырады.

Компания осы кезге дейін «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының, «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» альянсының, Батыс Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, Орал қаласы, Бәйтерек, Бөрлі, Теректі және Тасқала аудандары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің тапсырысын орындап, республикалық маңызы бар «Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы автомобиль жолының біраз бөлігін қайта жаңғыртты. Облыстық маңызы бар Тасқала-Аққурай-Болашақ-РФ шекарасы, Ақсай-Шыңғырлау, Теректі-Ақсай автокөлік жолдары орташа және күрделі жөндеуден өтті. Орал қаласында, Зашаған, Деркөл, Круглоозерное кенттерінде көшелер қайта жаңғыртылып, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Бәйтерек ауданының ауылдарына, сондай-ақ Бөрлі, Теректі және Тасқала аудандарының елді мекендеріне кіреберіс жолдары салынды.

- Қазір біз Теректі-Ақсай автожолының 51,7-73 шақырымына күрделі жөндеу жүргізіп жатырмыз. Жөнделуі тиіс 21,3 шақырым жолдың 10 шақырымында жұмыс толық жасалды. Сонымен қатар республикалық маңызы бар Подстепное-Федоровка-Ресей шекарасы автожолының 72-108 шақырымында биыл басталған қайта жаңғырту жұмысы белсенді жүріп жатыр. Жолдың 12 шақырымында жердің төменгі қабатындағы, 10 шақырымында қосымша қабаттағы жұмыстар жасалды. Шыңғырлау өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы да қызу жүріп жатыр. Ал Подстепное-Федоровка-Ресей шекарасы республикалық маңызы бар аввтожолдың 108-144 шақырымында жол құрылысы толық аяқталды, қазіргі таңда аялдамалар қойып, жол жиегін абаттандырып жатырмыз, — дейді Жанна Тәжіғұлқызы.

«Негізінен ер азаматтар қызмет ететін үлкен компанияны басқару әйел адамға қиын емес пе екен?» — Осындай ой оқырманға да келетін шығар. «Өзімді бұл саласыз елестете алмаймын. Жасыратыны жоқ, қиын. Бірақ ұжымды әйел адам басқарғанның артықшылығы да бар. Мен әр қызметкердің ішкі дүниесіне үңілуге тырысамын. Жұмысқа құлшынысын, қабілетін байқап жүремін. Қалада және далада жол салу – екі түрлі. Оған қызметкерді де лайықты таңдай білу керек. Ұжымда көбі ер адам болғасын мені құрметтеп, әрқашан қолдап жүреді» дейді қайсар қыз.а

Тақтайдай тегіс жол – батысқазақстандықтардың бағзыдан келе жатқан бас ауруы. Өйткені өңірдегі республикалық маңызы бар 1349 шақырым жолдың – 17%-ы, жергілікті маңызы бар 4834 км автожолдың – 44%-ы қалыпқа сай келмейді. Кейде мемлекеттің миллиардтаған теңгесі жұмсалып жөнделген жолдың сапасы да сын көтермей жатады.

«Ақсай қаласына айына екі рет баратын адам ретінде айтайын, 31 млрд теңге қаражатқа Казкомсервис салған жол мен 15 млрд теңгеге ДСК Приоритет салған жолдың айырмасы жер мен көктей» деп жазды жақында әлеуметтік желіге Орал қалалық мәслихатының депутаты Ерлан Жұматаев. Жанна Тәжіғұлқызы басқаратын компанияның атына желіде айтылған осындай жылы пікір өте көп. Компания басшысы көпшілік сынына сергек қарайды, үнемі ықыласпен жауап беріп отырады. Екі ұлдың анасы, шаңырақтың ұйытқысы болып отырған жанның таусылмас ішкі қуаты таңғалдырады. Ол Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығының белсенді мүшесі. 2018 жылдан бері бұрынғы Nur Otan, қазіргі Amanat партиясының қатарында. VII шақырылған Орал қалалық мәслихатының депутаты. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Жанна Кенжина «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Оған қоса облыс көлемінде қайырымдылық қызметінің дамуына ерекше үлес қосқаны үшін Жанна Тәжіғұлқызы «Жомарт жүрек» сыйлығына ие болды. Өйткені «ДСК Приоритет» компаниясы білім, мәдениет, спорт және абаттандыру салаларында тұрақты қолдау көрсетеді. Тек 2024-2025 жылдары ғана компания қайырымдылық және әлеуметтік жобаларға 50 миллион теңгеден астам қаржы бөлген екен.а

«Құрылысшы – ең бейбіт мамандық» деген сөз бар халықта. Оның үстіне құрылысшы – ана болса, нәзік жанды әйел болса, бұл кәсіптің қадірі биіктей түсетін сияқты. Әдетте әйел жаны – әдемілікке жақын, үйлесімді қалайды, махаббат-мейірімге мол болады. Жанна Тәжіғұлқызының үнемі елдің шаруасында жүретіні, тыным таппайтыны, соның ішінде құрылыс саласындағы түрлі түйткілді талмай айтып, мәселе көтеретіні – туа бітті мінезінен. Батыс Қазақстан облысының, Орал қаласының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігінде біздің кейіпкеріміздің қолтаңбасы сайрап жатыр.

Батыс Қазақстан облысы