Биыл Батыс Қазақстан облысында кәсіптік білім беретін оқу орындарының 2 мыңдай түлегі жастар практикасы бағдарламасына қатысады.
Олар жергілікті зауыттарда жұмыс істейді. Жұмыс берушілердің айтуынша, өндіріске дәнекерлеушілер мен электриктер, токарьлар қажет.
22 жастағы Тимур Ғаббасов жергілікті университетті былтыр бітірді. Өндірістегі қауіпсіздік техникасы инженері. Алайда мамандығы бойынша жұмыс таппаған. Жастар практикасы бағдарламасы бойынша трансформатор зауытына жолдама алған. Осы жерде көп нәрсе үйрендім, университетте алған білімімді өндірісте қолдануға машықтандым, дейді жас маман.
Тимур Ғаббасов, жас маман:
- Мында трансформатор не екенін, қалай құралады, қандай түрлері бар, қалай қызмет атқарады, бәрін үйрендім. Университет бітіргесін еш жерге жұмысқа алмайды да, стаж сұрайды да ал мұнда өтілсіз жұмысқа алады. Осында жүріп, бір жыл жастар практикасын өтесің, әрі қарай келісіммен қалып, стаж жинап алып, карьера құрып көтеріле бересің.
Қазір кәсіпорында 250 адам еңбек етеді. Бұл жерде қосалқы стансаларға қажетті трансформаторлар құрастырады. Келешекте өндірісті кеңейтіп, қызметкерлер санын 600-ге дейін жеткізу жоспарда. Ол үшін ең бірінші білікті мамандар керек.
Әділбек Испанов, зауыттың өндіріс директоры:
- 50 тәжірибеден өтуші бар. Жылына 600-дей студентерді тәжірибеден өткіземіз бүкіл оқу орындарымен батыс өңіріндегі. Бізде маман тапшы. Біз осы жерде үйретіп, көрсетіп, жұмысқа қабылдаймыз. Жастар практикасы өте бір жылға дейін үкімет ақысын төлеп беріп отырады, ол кісіге бір жылда тәжірибеден өтіп дайын маман болады.
Жастар практикасы бойынша өңірдегі 330 мекеме-кәсіпорын колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектерін қабылдауға дайын. Мамандардың айтуынша, күні бүгін еңбек нарығында жүргізушілер мен механизаторларға, токарьлар мен темір жонушыларға, дәнекерлеушілерге сұраныс жоғары.
Айнұр Қазмұханова, еңбек ұтқырлығы орталығы директорының орынбасары:
- 2900 бос жұмыс орындарына сұраныс бар. Вакансиялардың 26% жұмысшы мамандықтар бойынша болып отыр. Жастар практикасы бағдарламасы өңірдегі жұмыс берушілерден сұранысқа ие бағдарлама болып табылады. Өйткені бағдарлама арқасында жұмыс берушілер жас маманды өздеріне 12 айға жұмысқа қабылдайды. 12 ай бойы еңбекақыны мобильді орталық төлейді. Еңбекақы көлемі 30 АЕК құрайды.
Биыл жастар практикасы бағдарламасын жүзеге асыруға облыс бюджетінен 1 миллиард 600 миллион теңге қаралған. Бағдарлама аясында 2 мыңдай жас маманды жұмысқа орналастыру көзделген.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақырап, Э. Аюпов