Түркістан облысында пайдалы қазбаларды өндіретін 198 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген . Оның 74-і келісімшарт, ал 124-і лицензия негізінде жұмыс істейді. Жауапты басқарма мен құзырлы органдар тарапынан заң талабын сақтамаған 22 жер қойнауын пайдаланушы анықталып, жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров экологияға жауапты құзырлы орган басшыларына, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшысына заңсыздықтарды жоюды, заң талабын сақтамаған жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлердің лицензиясын қайтарып алуды тапсырды. Бүгінде облыс көлемінде жұмысы тоқтатылған және пайдаланылмай тұрған кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері 17 жер қойнауын пайдаланушының 35 мың гектар жері мемлекет балансына қайтарылды.

Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың айтуынша, Арыс, Кентау қалалары, Отырар, Ордабасы, Келес, Сауран аудандары аумағында заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілері толастамай тұр. Мәселен, Кентау қаласы, Хантағы ауылдық округі маңында заңсыз барит қазылғаны анықталып, заңды бұзған тұлғалар жауапқа тартылды. Сондай-ақ Келес ауданы, Келес өзені жағасын заңсыз қазып, жайылым жерге өнімдерін жинақтап, сатылымға шығару жұмыстары тіркелген. Жалпы облыс аумағында ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тасымалдау, заңсыз құм қазу, қазба өнімдерін саудалау, пайдалы қазбаларды өндіру фактілер анықталып, тиісті шара көрілуде.