Алматы облысында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жыл сайын өткізілетін облыстық шараға қатысу үшін 90-ға жуық жанұя өтініш білдірген. Соның ішінен қоғамдағы абырой-беделі биік, азаматтық белсенділігі жоғары 15 әулет облыстық кезеңда бақ сынады.

Қоңыр Бегайдар ұлт жадында сақталған асыл бұйымдарды жасаумен айналысады. Жары Анаргүл Нарботанова да киіз басып, кесте тігеді. Қос шеберден тараған 3 ұл мен бір қыз да өміршең өнерді заман талабына сай кәсібіне айналдырып отыр.

Қоңыр Бегайдар, «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жеңімпазы:

Біз ұлттық өнерімізді атадан балаға табыс еді, ұрпақтарыма беріп, немерелерімен беріп, ары қарай жалғаса береді деп ойлаймын. Менің артықшылығым өзімнің өнерімді балаларға бұрып, баулып, тәрбиелеп соларды, артымнан ерте білуімде.

Ал жарыста екінші орын алған Шолпанбай әулетінің ұрпақтары ежелден қарлы шыңның мұзбалағын досына айналдырып, қыран құсты қолына қондырған. Ұлттық өнер құсбегілік пен саятшылықты серік еткен отбасы төл тарихымыз бен құнды жәдігерлерімізді ел ішінде кеңінен насихаттап жүр.

Динара Серікбаева, «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жеңімпазы:

«Мерейлі отбасына» қатысқан барлық отбасыны жеңімпаз деп атар едім. Себебі, әр отбасының өзіндік ерекшелігі, өзіндік құндылық сақтаушылар, өзіндік ұрпақ өсірушілер.

Байқаудың мақсаты – отбасы институтын қалыптастырып, бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігін арттыру, дейді ұйымдастырушылар.

Әсел Жалғасбаева, облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:

Ең бастысы отбасының сандық құрамы. Белгілі бір салада өздерінің жетістіктерін көрсете алу, балаларына дәріптеуі, тәрбиелік мәні. Қоғамға, жастарға тәлім-тәрбие бере алатындай отбасы болуы ең басты талаптардың бірі болды.

Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар берілді. Ал оза шауып, жолдама ұтқан отбасы Астанада өтетін республикалық байқауда бақ сынайды.

Айдана Қуантхан