Камерундық футболшы есірткіні аса ірі көлемде сақтап, сатқаны үшін кінәлі деп танылды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

33 жастағы Роджер Мбала биыл наурызда Шымкентте ұсталды. Ол мұнда 1,3 келі психотроптық зат алып келген. Есірткі жылытқыштың ішіне жасырылған.

Мбала кінәсін мойындаудан бас тартты. Сотта ол бұл зат туралы білмегенін айтып, өзін жай ғана курьер ретінде сипаттаған. "Тауарды әкеліп, қайда апару керегі туралы нұсқау күттім" деген.

Мбала Қазақстанға 5 жыл бұрын футбол клубтарының бірінде ойыншы болып келген. Алайда көп ұзамай жарақат алып, табыссыз қалған. Ол визасының мерзімі өтіп кеткен, ал елге қайтуға ақшасы болмағанын сотта айтты. Кейін оған Telegram арқылы жұмыс ұсынылған.

"Ұсталған кезде жылытқыш салынған қорап тәркіленді. Құрылғының ішінен жалпы салмағы 1 келі 346 грамм болатын психотроптық есірткі табылды. Тұрған жерінен зип-пакеттер, таразы, изолента және дозалауға қажет басқа да заттар анықталды. Бұл оның сату ниеті болғанын дәлелдейді", — деді судья Ахат Есенов.

Мбала өзін Камерунге экстрадициялауды сұраған, бірақ ол алдымен 8 жыл түрмеде жазасын өтеуі керек. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget