Жамбыл облысы Мырзатай ауылдық округінде 120 орындық жаңа мәдениет үйі ашылды. «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 267 млн теңгеге тұрғызылған нысанда 4 үйірме жұмыс істейді.

Жастар игілігі үшін «Сымбат» және «Балауса» ән-би үйірмесі бар. Ал мәнерлеп оқуды «Сөз патшасы» үйірмесінде үйренуге болады. Сондай-ақ, «Аяулы әжелер» клубының да жұмысы жанданбақ. Жалпы аумағы 547 шаршы метрді құрайтын мәдениет үйінде 6 қызметкер еңбек етеді. Айта кету керек, бүгінде Байзақ ауданында 40-қа жуық мәдениет орталығы жұмыс істейді. Бұл бағыттағы межені 100%-ға жеткізу үшін Ақжар, Ақшолақ және Базарбай ауылдарында да мәдени нысандар салынады. Ал жыл соңына дейін Қордай, Мойынқұм және Шу аудандарында да жаңа мәдениет үйлері ашылмақ.

Фарида Жүнісова, облыстық мәслихат депутаты:

Бұл мәдениет үйінің келер ұрпаққа, қазіргі жастарға деген тәрбиелік мәні өте зор деп ойлаймын. Көшеде ойнап жүргеннен гөрі осындай мәдениет үйлерінде жас балаларымыз үйірмелерге қатысып, тәлім-тәрбие алады деп ойлаймын.

Данияр Әлімқұл