Австралиялық Марк Истон есімді азамат Қазақстанға арнап күй шығарды , деп хабарлайды 24kz.
Шетелдік музыканттың орындауындағы шығарма желіде кеңінен тарап, отандастарымыздың ықыласына бөленді. Қазақтың төл мәдениетімен танысып, домбырада еркін ойнауды үйренген композитор туралы әріптесім тарқатады.
Марк Истон домбырада ойнауды төрт жыл бұрын меңгерген. Алғашында, әлеуметтік желіден ұлттық аспапқа қатысты деректер іздеп, әуестігі арта бастаған. Осылайша, ол домбыра сатып алуды жөн көреді. Әуелде аспапты өз бетінше үйренуге тырысқан. Кейіннен онлайн домбыра үйірмесіне жазылады. Бұл оған жаңа достар табуға көмектесті.
Марк Истон, музыкант:
- Өзіме тән стилімді сақтауға тырыстым. Мен бұрын-соңды болмаған, тың дүние жасағым келді. Бойымдағы дарынымнан айырылып қалудан қорықтым. Мен аздап рок жанрында ойнаймын, сондықтан қайтадан өз бетімше оқуға көштім. Қазақстанға бұған дейін бірнеше рет бардым, түрлі адамдармен кездестім. Олардың көп көмегі тиді. Бұл елге барғанды жақсы көремін. Мұнда достық, сыйластық өте жақсы қалыптасқан.
Марк Истон ес білгелі музыкамен шұғылданады. Жасөспірім кезінде джаз жанрына қызыққан. Есейген соң панк-рок стиліне көшкен. Қазір блюз бағытында домбырамен өзінің жеке шығармаларын жазады. Қазір «Қазақстан» атты күйі бар.
Марк Истон, музыкант:
- Мен композитор әрі домбырашы Ғаламат есімді азаматпен таныстым. Оның ұлттық аспапта шебер ойнағанын көріп таң қалдым. Сазды әуеннен шабыттанып музыка жазуға бел будым. Бұл шығарманы сол жігіттің құрметіне атағым келді. Бірақ атауы тым күрделі болып кететінін түсініп жәй «Қазақстан» деп қалдыруды құп көрдім. Осы әуенді Австралияда шығарған альбомыма енгіздім. Қазір Spotify-ға салынған әр туынды бүкіл әлемге таралады.
Күйдің бейнежазбасы желіде кеңінен тарады. Перуден Қазақстанға дейін, әлемнің әр түкпірінен тамашалаған көрермен австралиялық азаматтың өнеріне тәнті болды. Ал, Марк Истон шығармашылыққа қатысты жоспары көп екенін айтады. Бүгінде ол «Алматы» атты композициясын аяқтап, клип түсірген.
Авторы: Дильназ Тұрғазыева