Көкшетауда 200-ден астам жас құтқарушылар арасында жарыс өтті, деп хабарлайды 24KZ. Еліміздің 20 аймағынан келген өрендер бес күн бойы сайысқа түсіп, кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады. Айтып өтсек, жас құтқарушылардың республикалық слеті биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр.

Бұл аймақтық іріктеу кезеңінен іркілмей өткен жас құтқарушылар. Барлығы тыңғылықты дайындықпен келген. Республикалық кезеңде олар 7 кезең бойынша сынға түсті. Яғни өзін-өзі таныстыру, алғашқы медициналық көмек, су айдындарындағы іздестіру жұмыстары, техногендік апат аймағындағы авариялық-құтқару және өрт эстафетасы.

Айдәулет Әбжанов, жарысқа қатысушы:

- Алғашқы медициналық көмек. Мен ол жайлы ештеңе білмейтінмін. Яғни оның қандай дұрыс тактикасы барын, «боевка» киіп үйрендік. «Шланганы» өрт сөндіру машинасына жалғаймыз, оны қалай көздейміз деген сияқты көптеген зат үйрендік.

Қатысушылардың дені өз өмірлерін төтенше жағдайлар саласымен байланыстырмақ ниетте.

Асқар Хамидуллин, жарысқа қатысушы:

- Осы Көкшетау қаласындағы академия маған ұнап жатыр. Екі күннен бері казармада жатып, енді жайлап казарманың өміріне үйренісіп жатырмыз. Енді алдағы өмірімде осы Көкшетау қаласындағы академияға түсемін деген ойдамын.

Жұмабек Хасенов, М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы:

- Ақырғы 3-4 жылдың ішінде бұл слет өтпеді. Әртүрлі жағдайларға байланысты. Оның алдындағы слеттарда көріп, бір жұмадай болып, келесі жылдары құжаттарын тапсырып, түсіп бітірген курсанттарымыз да бар. Қазіргі кезде де аға жаттықтырушылар, балалардың өзінен қызығушылық болып жатыр.

Қазір елімізде өрт сөндіру-құтқару спортымен 1 мыңнан астам бала айналысады. «Олардың қатары жыл санап артып келеді», – дейді мамандар. Бұл болашақта саладағы кадр мәселесін түбегейлі шешуге ықпал етеді.

Дәурен Данаев, ҚР Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясының атқарушы директоры:

- Мұнда 13-17 дейінгі балалар ғой. Жас күнінен өрттен құтқару, судан құтқару, таулы аймақтарда сулардан өту – сондай жеті кезеңнен өтеді.

Сайыста үздік атанған командалар арнайы кубокпен және алғысхаттармен марапатталды. Ал олардың арасынан ерекше көзге түскендер ұлттық жас құтқарушылар құрамасының сапына қабылданып, әлемдік додаларда ел намысын қорғайды.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко