Ақтөбе облысында биыл 19 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтеді, деп хабарлайды 24KZ. Бұл мақсатқа 5,5 млрд теңге бөлінген . Сонымен қатар өңірде «Реновация» бағдарламасы бойынша 7 мектеп қайта жаңартылады.

Бұл Ақтөбедегі ең ескі мектептердің бірі. 1300 бала білім алатын оқу ғимаратында каникул кезінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазір құрылысшылар төбе шатырын толық ауыстырып, жылыту жүйесін өткізіп жатыр.

Ғалым Сағиев, №11 орта мектеп-гимназия директорының орынбасары:

- Мына біздің мектеп 1937 жылы салынған. Сондықтан мектеп көне. Оның төбесі шифермен қапталған еді. Енді қазір түгел төбені ауыстырдық. Жұмыс сәуірдің аяқ жағында басталып, енді тамыздың аяғында бітуі керек.

Ақылбек Жұмағалиев, құрылыс компаниясының бас директоры:

- Қазіргі таңда төбесі, шатыры жабылды. Жылу жүйесі бітіп қалды. «Отделкасы» бітіп қалды. Қазір 26 жұмысшы жұмыс істеп жатыр. Барлық материал түгел. Бәрі айлығын алып жатыр.

Биыл облыс бойынша 11 мектеп, 5 балабақша, 2 колледж бен бір қосымша білім беру ұйымы күрделі жөндеуден өтеді. Оның жетеуі «Реновация» бағдарламасы бойынша жаңғыртылып, жаңа құрал-жабдықтармен қамтылады.

Бұлбұл Күзембаева, облыстық Білім басқармасының басшысы:

- Жалпы Ақтөбе облысы бойынша 3 жылға 24 мектеп жоспарланған. Соның жетеуі биыл іске асырылады. Бұл күрделі жөндеуден өтіп жатқан реновация аясындағы мектептердің осы жөндеу жұмыстарымен қатар материалдық-техникалық базасы толық жаңартылады.

Өңірдегі білім беру нысандарында ағымдағы жөндеу де қатар жүріп жатыр. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінген.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Наталья Салькова, Болат Молдағалиев