Елдің Қарулы Күштері қатарын тағы 200-ден астам жас лейтенант толықтырды, деп хабарлайды 24KZ. Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының түлектеріне диплом табысталды. Салтанатты шараға Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов, Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы Мереке Көшекбаев, сала ардагерлері мен ата-аналар қатысты.

Мамандар биылғы түлектердің жоғары әскери дайындығымен қоса ғылым, спорт және қоғамдық қызмет бағытындағы жетістіктерімен ерекшеленгенін атап өтті.

Ілияс Төлеубаев, С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының түлегі, лейтенант:

- Бүгін мен үшін маңызды да ерекше күн. Төртжылдық еңбек ақталды. Қажымас қайрат пен төзімділіктің арқасында алғашқы лейтенат әскери шеніне қол жеткізіп отырмын. Өзіммен қатар қатарлас бауырларыма әскерде сәттілік пен ашық аспан тілеймін!