Amazon корпорациясының негізін қалаушы, миллиардер Джефф Безос пен оның қалыңдығы, тележүргізуші Лорен Санчес Венециядағы Сан-Джорджо-Маджоре аралында үйленді , — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Euronews-ке сілтеме жасап.
Үйлену тойы 27 маусымда өтті. Бұл оқиғаға дейін-ақ оны "ғасыр тойы" деп атап кеткен еді. Салтанатқа Кардашьяндар отбасынан бастап, Билл Гейтске дейін 200-ге жуық танымал қонақтар келген.
Санчес Instagram-парақшасында ақ көйлек киген суретін жариялады. Қасында — әлемдегі ең бай төртінші адам саналатын Безос смокинг киіп тұр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от Lauren Sánchez Bezos (@laurensanchezbezos)
Безос пен Санчес 2016 жылы танысқан. Алайда жұрт алдына жұп ретінде алғаш рет 2019 жылы шықты – сол кезде миллиардер Маккензи Скоттан ресми түрде ажырасқан болатын.
Үйлену тойы қарсаңында бірнеше күнге созылған қала тұрғындарының наразылығы өтті. Венециялықтар турист тым көп қаптап кеткеніне көңілі толмады.
Наразылық танытушылар Венецияның әйгілі орындарында Безосқа қарсы баннерлер іліп, шағын акциялар өткізді. Олар Amazon-ның еңбек жағдайын, Еуропа елдерімен салық дауын және Безостың саяси байланыстарын сынға алды.
Венеция туризм министрлігінің мәліметінше, Безос пен Санчестің үйлену тойы қаланың жылдық туристік табысының 68 пайызына тең кіріс әкелген. Кей деректерге сүйенсек, тойдың құны 40-48 миллион еуро аралығында болған.
Венециялық Corila экологиялық зерттеу қауымдастығының хабарлауынша, Безос Венецияны сақтау жұмыстарымен айналысатын үш экологиялық ұйымға әрқайсысына бір миллион еуродан қайырымдылық жасаған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!