Күн — елдің тынысы
Бөлімдер
Пікір

Қазақстандықтардың мобильді аударымдары қыркүйектен бастап тексеріле бастайды

Қазақстандықтардың мобильді аударымдары қыркүйектен бастап тексеріле бастайды

2025 жылдың қыркүйегінен бастап кейбір мобильді аударымдар салық органдарының бақылауына ілігеді. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Мәжіліс кулуарында мәлімдеді.

«Заң қабылданды, енді ол 60 күн ішінде күшіне енеді. Соған сәйкес біз нормативтік құжатты қабылдаймыз да, жұмыс істей бастаймыз. Қыркүйекте күшіне енеді», – деді вице-министр.

Оның айтуынша, жеке адамдар арасындағы қалыпты аударымдар – мысалы, ата-анасы, баласы немесе туыстары арасында – салық бақылауына ілінбейді, тіпті олар миллиондаған теңге көлемінде болса да.

Бақылауға алынатын аударымдарға қатысты үш негізгі шарт бар:

  1. 100 түрлі адамнан аударым болуы керек;

  2. Бұл аударымдар қатарынан үш ай бойы бір адамға түссе;

  3. Жалпы сома 1 миллион теңгеден асуы тиіс.

«Үш шарттың үшеуі де қатар орындалғанда ғана бұл транзакциялар бақылауға алынады. Мақсат – кәсіби кәсіпкерлік қызметпен айналысып, бірақ оны тіркемей, салықтан жалтарғандарды анықтау», – деп түсіндірді Ержан Біржанов.

Салық органдары бұл механизмді кәсіпкерлік қызмет белгілері бар мобильді төлемдерді анықтау үшін пайдаланады. Қарапайым азаматтардың туыстарымен жасайтын қаржылық операциялары тексерілмейді.