Еуропалық қайта құру және даму банкі Ақтөбе – Ұлғайсын автожолын жаңғыртуға қаржы бөледі. Мемлекет басшысының қабылдауында болған банктің президенті Одиль Рено-Бассо осындай шешім қабылдағандарын жеткізді. Мемлекет басшысы шетелдік инвесторлар кеңесінің 37-отырысы аясында бірқатар кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы Инвесторар кеңесіне келген Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассоны қабылдады. Жалпы, былтыр банктің Қазақстанға құйған инвестициясы 2023 жылмен салыстырғанда екі есе артып, 1 миллиард еуроға жуықтаған. Президент Еуропалық қайта құру және даму банкінің бірлескен жобаларға, соның ішінде «жасыл экономика» бағдарламаларын жүзеге асыруға инвестиция құю ниетін құптады.

Ұзақ жылдан бері Қазақстанның теміржол саласындағы сенімді серіктесіне айналғанын Wabtec компаниясы елімізге 230 миллион доллардан аса инвестиция құйған. Қасым-Жомарт Тоқаев Рафаэль Сантанаға еліміз локомотивтің жаңа түрлерін шығару, сервистік орталықтарды кеңейту және өндіріс локализациясын арттыру бағыттары бойынша компаниямен стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.

Ал Philip Morris International компаниясының ТМД және Орталық Азия өңірі бойынша президенті Марко Мариоттимен инвестициялық ықпалдастық мәселесін талқылады. Бұл компания 1994-2023 жылдар аралығында Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне 1,2 триллион теңгеден аса салық түсімін аударған.

Citi банктың шағын және орта бизнесті одан әрі қолдау жоспары Қазақстан экономикасын әртараптандыруға ықпал етеді. Банктің клиенттермен жұмыс жөніндегі бас атқарушы директоры Дэвид Ливингстонмен кездесуде Президент аталған қаржы ұйымының 30 жылдан аса уақыттан бері еліміздің сенімді серіктесіне айналғанына назар аударды.

Швейцариялық Glencore компаниясының бас директоры Гэри Нейглмен кездесуде жергілікті мазмұнды ұлғайту бойынша ынтымақтастықтың басым бағыттары қарастырылды, тау-кен металлургиясы мен энергетика салаларындағы бірлескен жобаларды одан әрі жүзеге асыру жоспары талқыланды. Glencore «Қазцинк» тау-кен компаниясының акциялар пакетіне иелік етеді.

Оңғар Алпысбайұлы