Валюта бағамы күрт өседі деп алаңдауға негіз жоқ.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Сенат кулуарында доллар бағамына қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
БАҚ өкілдері таңертеңгі саудада доллар бағамы неге күрт өскенін сұрады.
"Бағам 520 теңгеге дейін жетті. Алайда, оның қай деңгейден көтерілгеніне назар аударған жөн. Соңғы күндері доллар 515–517 теңге шамасында болды. Абсолюттік мәнде де, пайыздық тұрғыдан да бұл аса үлкен өсім емес. Негізгі факторларға келсек, жазғы демалыс маусымы басталды. Өздеріңіз білесіздер, жазда әдетте халық тарапынан валютаға, әсіресе долларға, кейде еуроға да сұраныс артады. Бұл – біріншісі. Екіншісі – бюджеттік және квазимемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы", – деді Тимур Сүлейменов.
Сөзінше, валюта бағамы күрт өседі деп алаңдауға негіз жоқ.
"Әрине, болжам жасай алмаймыз, десек те, негізгі екі факторды атап өттім. Макроэкономикалық тұрғыдан алғанда, еліміздің ішкі экономикасындағы жағдай тұрақты, экономика өсіп жатыр. Ал сыртқы факторларды ешкім болжай алмайды. Бірақ қазіргі жағдайға оң әсер етіп тұрған фактор – мұнай бағасының өсуі. Бұл Иран мен Израиль арасындағы шиеленіске және Ормуз бұғазы арқылы тасымалдауға төнген қауіпке байланысты. Қазір Brent мұнайының бағасы шамамен 77 доллар маңайында. Жалпы алғанда, доллар бағамы күрт өседі дегенге негіз жоқ", – деді Ұлттық банк басшысы.