Нысан 2026 жылы қолданысқа берілмек .
Жоба Сингапур Ғылым орталығы және музейлік шешімдер әзірлеу саласында тәжірибесі мол Kingsmen Exhibit PTE LTD компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қала әкімі Алматыда Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан ірі ғылыми-білім беру жобаларының бірі – Балалар ғылыми музейінің құрылыс барысымен танысты. Бұл бастама Қазақстандағы алғашқы интерактивті кеңістік болмақ. Ол балалардың ғылым, технология, инженерия және математика салаларына (STEM) деген қызығушылығын ерте жастан дамытуға бағытталған.
Қазір нысанда бұзу жұмыстары аяқталып, техникалық сараптаманың қорытындысына сай құрылымдарды күшейту жұмыстары басталды. Құрылыс барысын Алматы қаласы әкімдігінің салалық басқармалары мен білім беру, сондай-ақ ESG-интеграция салаларындағы халықаралық сарапшылар бірлесе қадағалап отыр.
Сингапур Ұлттық ғылым академиясының президенті, Сингапур Ғылым орталығының бас директоры, доктор Тит Менг Лиммен өткен жұмыс кездесуі барысында жобаны жүзеге асыру барысы кеңінен талқыланды. Әңгіме аясында сингапурлық музейді басқару моделін бейімдеу және осы салада білікті мамандар даярлау жайы қозғалды. Доктор Лим жоба командасын оқыту мен озық әдістемелерді енгізу тұрғысынан жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін білдірді. Ал, қала әкімі жобаның сапалы әрі мерзімінде орындалуын тапсырды.