Шымкенттегі Сайрамсу өзені мерзімінен бұрын тартылып қалды.
Алатау бөктерінен бастау алып, Бадам өзеніне құятын тіршілік көзі жойылып барады, дейді мамандар.
Бұған не себеп? Егін егіп, мал өсіретін диқандар мен шаруалар қандай қиындыққа тап болды?
Сайрамсу өзенінің жағасында тұрған «Шомылуға болмайды!» деген ескерту тақтайшасына қарап көңілің құлазиды. Өйткені шомылатын өзеннің өзі жоқ. Бір кездері буырқанып ағатын су арнасы қазір кеуіп, орны қоқысқа толып кеткен. Осыдан бірнеше жыл бұрын өзен тасып, жағалауды шайып кеткен кездер де болған. Жергілікті тұрғын Ирисмат Шерметов судың азайғанын көктемде алғашқылардың бірі болып байқапты. Оның айтуынша, ертеректе өзеннің суы жазда тартылып, күзде қайта толатын. Ал биыл ыстық түспей жатып, өзеннің табаны көрініпті. Сайрамсудың бір кездері тоқтамай, жыл он екі ай ағып жататын кезі халықтың есінде.
Ирисмат Шерметов, Шымкент қаласының тұрғыны:
- 1984 жылы қыста мұз тұратын. Біз хоккей ойнайтынбыз. Біздің жас кезімізде кәдімгідей қыс түсетін. Қазір өздеріңіз көріп отырсыздар, қыс жоқ. Ол кезде мамыр айында су болатын. Биыл су мүлде жоқ.
Экологтардың айтуынша, өзеннің мезгілінен бұрын тартылуына ең алдымен жауын-шашынның аз түсуі себеп. Бұған қоса, Сайрамсу өзенінің суы ауылшаруашылық алқаптарын суаруға бағытталып отыр. Өзеннің жоғарғы бөлігінде, Түркістан облысы аумағында орналасқан гидроторап арқылы су екі арнаға бөлінеді. Осы арқылы өзен суы Сайрам және Төлеби аудандарындағы егістік жерлерге жайылады.
Сергей Балабенко, экология белсендісі:
- Экологтар өзендегі тіршілікті сақтау үшін судың кемінде 70 пайызы өз арнасында қалуы қажет екенін ескертеді. Бұл заңмен бекітілген талап. Алайда мамандар бұл нормаға ешкім мән бермей отырғанын айтады. Соның салдарынан Сайрам-Су Зертас кентінен төмен қарай мүлде құрғап қалған.
Сайрамсу өзенінің жалпы ұзындығы 70 шақырымнан асады. Оның 25 шақырымы Шымкент қаласының аумағы арқылы өтіп, Бадам өзеніне құяды. Ал Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары өзеннің тартылуын табиғи құбылысқа жатқызады.
Көпжан Сәдібек, "Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы" РММ басшысының орынбасары:
- Биылғы жылы Алатау бөктеріне, Қаратау бөктеріне мүлдем қар аз түсті. Сондықтан биылғы мына күннің ерте жылуы, оның барлығы мына қазіргі таңда өзендердің, қардың ерте еріп кетуі, бар қардың, судың ерте келуі оның барлығы қазіргі таңда мынау шаруалардың сұранысының екі есе артуына әкеп соғып жатыр. Сондықтан бізде қазір жыл сайынғы салыстырғанда биылғы жылы өзендердің барлығы тартылып кетті.
Табиғи факторлардан туындаған су тапшылығын азайту үшін өңірде бірқатар шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, ұңғымалар қазылып, дренаждық суларды пайдалану көзделіп отыр. Сонымен қатар сумен жабдықтау жүйелері кезең-кезеңімен енгізіледі. Фермерлер ылғалды көп қажет ететін дақылдарды өсіруден бас тартпақ. Ал 2030 жылға дейін Түркістан облысында 200 мың гектардан астам алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған.
Қарлығаш Қасиетова, Катерина Попкова, Самат Нағашыбекұлы