Жаһанды 40 жыл бойы тамсындарған Джей Лоның Алматыдағы концертіне сатылып жатқан билеттер түгесілуге таяу.
10 тамыз күні Орталық стадионда өтетін поп жұлдыз шоуына әлемнің 29 мемлекетінен меймандар келеді. Әншінің қандай талабы бар? Қала қазынасына қанша ақша түседі?
Дженнифер Лопестің концертіне 25 мыңдай билет сатылымға шыққан. Соның 30% шетелдіктерге бұйырыпты. АҚШ, бастап Қырғызстан, Сауд Арабиясы қоштаған көптеген мемлекеттің өнерсүйер қауымы бір айдан соң Алматыға ағылмақ. Әншінің райдері мықты. Әсіресе концертке қажетті музыкалық техникаға талап қатал. Джей Лоның қай қонақүйге түсетіні құпия. Әншінің шашбауын көтеріп 100 адам келеді.
Әлфия Нұрғұманова, концертті ұйымдастырушы компания өкілі:
- Бұл стадионнан алыстау жердегі отель. Атын айта алмаймыз. Әншіге президенттік номерді жалдаймыз. Концерт кешкі жетіде басталады. Бірақ түскі үштен бастап стадион есігі ашылады. Стадионға үш қақпадан кіре аласыздар. Ең бастысы, кешікпей келіңіздер!
«Baila», Jennifer Lopez бейнеклипі
Дженниффер Линн Лопес. Джей Ло деген жанама есіммен танылған әншінің шын аты-жөні осылай. Қызының адвокат болуын армандаған ата-атансы Дженниферді заң колледжіне түсіреді.
«Дженнифер Лопес. Половина» д/ф үзінді
Бірақ бала жүрек өнерді қалайды. Осылайша 16 жасында бишілікпен шоу-бизнеске келіп, кейін кино әлемінде де жұлдыз болған әншінің биыл Қазақстанға ерекше ықыласы ауып тұр. Тек Алматы емес, Астанада да жеке концертін бермек.
Мәлік Хасенов, концертті ұйымдастырушы компания продюсері:
- Бұл әлемдік деңгейдегі шоу болады. Түгел өзінің командасын әкеледі. Бишілері, продюсері, режиссёр, жарық жөнінде суретшісі бірге келеді. Ол хореографияға көп көңіл бөледі. Сондықтан әдемі ән мен тамаша би кеші өтеді.
IHeartRadio Music Awards сыйлығы
Ұйымдастырушылар Джей Лоның концертіне шетелден келген меймандар Алматыда 5 миллиард теңге жұмсайды деп жобалап отыр. Бұған қонақүй, ас-ауқат, экскурсия және басқа да шығындар кіреді. Ал қала бюджетіне 400 млн теңге салық түседі.
Джей Ло концерті кезінде қалалықтарға аздаған қиындықтарға төзуге тура келеді. Себебі стадионға жақын көшелер уақытша жабылады. Қауіпсіздікті 2 мың полиция қызметкері қамтамасыз етеді.
Аршын Кемелжан, Әлия Садықова