АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды ядролық келісім жасауға шақырып, келісімнен бас тартқан жағдайда салдары "олардың күткенінен әлдеқайда ауыр болатынын" ескертті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
"Мен Иранға келісім жасау үшін көп мүмкіндік бердім. Бірақ қанша тырысса да олар мұны орындай алмады. Мен олардың білгенінен, күткенінен немесе оларға айтылғаннан әлдеқайда жаман салдар болатынын айттым", – деп жазды Трамп.
Оның айтуынша, АҚШ "әлемдегі ең мықты және ең жойқын қаруды жасайды және бұл салада озық", ал "Израильде мұндай қару көп және одан да көбірек болады – және олар оны қалай қолдану керектігін біледі".
"Кейбір ирандық жоғары шенділер тым сенімді болды, бірақ не болайын деп жатқанынан хабарсыз еді. Қазір олар бәрі қаза тапты, әрі қарай жағдай тек нашарлайды! Қазірдің өзінде көп адам қаза тауып, жойқын соққылар болды, бірақ бұл қырғынды тоқтатуға әлі де уақыт бар. Себебі келесі шабуылдар бұдан да қатыгез болады. Иран келісімге келуі керек, әйтпесе ештеңе қалмайды, Иран империясы аталған елді аман сақтап қалу мүмкін емес болады. Өлім де, жойылу да болмасын – тек келісімге келсін, тым кеш болмай тұрғанда", – деді АҚШ президенті.
Израильдің Иранға шабуылы
Еске салсақ, 13 маусымға қараған түні Израиль Иранға қарсы әуе соққысын жасады. Бұл шабуыл Тегеранның ядролық нысандарына бағытталған. Ондаған мақсатты нысан жойылған.
Израиль тарапы бұл операцияны "Көтерілген арыстан" деп атап, оның мақсаты – еврей мемлекетінің өміріне төнген қауіптің алдын алу екенін мәлімдеді. Израильдің әскери және барлау қызметтерінің мәліметінше, Иран ядролық қару жасау жолында "қайтару мүмкін емес нүктеге" жақындап қалған.
Израиль әскери-әуе күштері Иранның әртүрлі аймақтарында, соның ішінде Тегеранда бірнеше шабуыл толқынын жасаған. Ирандық БАҚ-тың мәліметінше, бұл шабуылдарда Иранның бірқатар жоғары лауазымды әскери тұлғалары мен ядролық ғалымдары жойылған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!